Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есімі ешқашан ұмытылмайды

Есімі ешқашан ұмытылмайды

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 77 жыл толып отыр. Сол сұрапыл жылдарда қаншама азамат майдан даласында көз жұмды, қаншама бала әкесінен, қаншама ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Соғыс миллиондаған адамның өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді жермен-жексен етті. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халқының тарихындағы қасіретті жылдар ғана емес, сонымен қатар ол халқымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр-қайратының, бірлігінің дәлелі болды. Майдан даласына қаншама қазақ азаматтары да белін бекем буып, өз ұрпағының болашағы үшін Отан қорғауға аттанды.  Сол майдан даласына аттанғандардың қатарында Каримолда Ильясов  та бар еді.
Каримолда Ильясов 1922 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Еңбекші ауылдық округінде дүниеге келген. Ол Қарашоқат мектебін үздік аттестатпен бітіреді. Қоғамдық жұмысқа да белсене қатысып, комсомол қатарына алынады. Ұлы Отан соғысы кезінде майдангер Каримолда 1942 жылы Қызыл армия қатарына шақырылады.
Сөйтіп Сталинград майданында өзінің жауынгерлік жолын бастаған қатардағы жауынгер Каримолда Ильясов Курск, Орлов соғыс майдандарына қатысып, тарихта аты қалған Курск түбіндегі фашистермен шешуші ұрыста ерлікпен шайқасып, әскери антқа адал болудың нағыз үлгісін танытады. Осы кескілескен ұрыстағы ерлігі үшін кіші сержант К.Ильясұлына Бас қолбасшы И.Сталиннің Алғыс хаты табысталып, "Ерлігі үшін" медалімен марапатталады.  Орел, Волхов қалаларын, сонымен қатар Калуга облысына қарасты Перестряж, Ягодное тәрізді Ресейдің ондаған деревняларын жаудан тазартуға атсалысады. Осындай ауыр ұрыстардан соң 188-миномет полкі Украинаның Запорожье, Днепропетровск қалаларын жаудан азат етудегі ұрыста асқан қайсарлық, өжеттік көрсетеді. Қайсар жан аталған полктің көздеуші жауынгері ретінде майдан даласында алдыңғы саптан көзге көрінеді. Осы ретте жауған оқ пен оттың астында нағыз ерлерше шайқасқан 188-миномет полкінің Каримолда сынды гвардия жауынгерлері батылдық пен ержүректіліктің үлгісін көрсете білді.
Қатардағы жауынгер К.Ильясов бұдан кейін де Ұлы Отан соғысы тарихында ірі-ірі ұрыстарда қырағылық танытып, көптеген жаудың атыс ұялары мен дұшпан әскерінің көзін жойған. Германияның астанасы Берлинге бағыт алған Кеңес әскерінің 1945 жылғы қарқынды шабуылдарының бел ортасында жүрген гвардия кіші сержанты, 188-миномет полкінің көздеушісі Каримолда Ильясов ержүрек жауынгер ретінде "Белградты азат еткені үшін" және "Будапештті алғаны үшін" медальдарымен наградталады. Чехословакия, Венгрия, Австрия елдерін жаудан қорғаудағы жан алысып-жан беріскен  шайқаста жанқиярлық ерлігі үшін екінші рет "Ерлігі үшін" медалін еншілейді.
Айта кетерлігі, "Ерлігі үшін" медалін алған жауынгерлер соғыс кезінде үлкен құрметке ие болған. Себебі бұл медаль тек жаумен бетпе-бет келген жауынгерлерге ғана берілетін болғандықтан, өзге наградаларға қарағанда бұл медальдың алатын орны ерекше болған. Ал осы медальды Каримолда атамыздың екі мәрте алуы оның нағыз батыр екендігін айғақтай түседі.
Жауынгерлік жолын Курск шайқасынан бастаған шалқарлық балаң жігіт фашистердің соңғы тірегі саналған Венада соғысты Ұлы Жеңіспен аяқтайды.
Майдангер К.Ильясов 1946 жылы елге аман-есен оралғаннан кейін  бейбіт еңбекке қызу араласады. Сол жылы Каримолда ата Алдан Оразғұлқызымен бас қосып, шаңырақ көтереді. Ол 1951 жылы КСРО мен КОКП-ның "Тың және тыңайған жерлерді игеру" саясатына сай партияның жолдамасымен Оңтүстік Қазақстанның Мақтаарал ауданына барады. Сөйтіп Мырзашөл аймағында соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтірудегі стратегиялық маңызы бар мақта өсіретін совхоздар ашуға белсене кіріседі.
Ол 1955 жылдан өмірінің соңына дейін "Арал", "Приарал" совхоздарында есепші болып жүріп, қаржылық тәртіпті сақтауға және шаруашылықта мал басын көбейтуге, халықтың хал-ахуалын жақсартуға өзіндік үлесін қосып, азаматтық парызын адал атқарып, ел-жұрттың құрметіне бөленеді. Осындай қажырлы, адал еңбегі бағаланып, 1974, 1975  жылдары "Социалистік жарыстың жеңімпазы" белгісімен, "В.И.Лениннің 100 жылдығы" мерекелік медалімен, бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен марапатталады.
Каримолда ата жұбайы Алдан екеуі  үлгілі жанұялардың бірі  атанды. Олар сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, балаларының жоғары білім алуына жағдай жасап, елге сыйлы азаматтар болуына үлесін қосты. Жанұяда үлкен отбасының отағасы, ақыл-кеңестің таусылмас қазынасындай болған тау тұлғалы азамат, соғыс және еңбек ардагері 61 жасында 1983 жылы бұл дүниеден мәңгілік сапарға аттанды. Бүгінгі таңда ата-ананың өнегелі тәлім-тәрбиесін алған балалары әр салада абыройлы қызмет етіп келеді. 
Сол бір сұрапыл жылдар барған сайын бізден алыстауда. Бүгінде майдан мен тылдың аты аңызға айналған ерлері барған сайын азая түсуде. Бірақ олар жасаған Ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Ендігі жерде қазақтың ұланғайыр кең даласын соғыс өрті шарпымасын. Бұл әрине барлық адам баласының арман-тілегі.
К. МАХСҰТ 
09 мамыр 2022 ж. 11 536 0