Қос соғысты бастан кешкен
Бұл кісі туралы бір топ құжатты біздің қолымызға тигізген оның ұрпағы. Иә, алдымыздағы бояуы оңып сарғыш тартқан ескі құжаттарға әуестікпен көз жүгіртіп отырмыз. Кейіпкеріміздің есімі – Жұбатқан Ұлекешов. 1917 жылы 10 қаңтарда дүние есігін ашып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған тұл жетімді кешегі Кеңес үкіметі маңдайынан сипап, балалар үйінде тәрбиелеп, азамат қатарына қосқан көрінеді.
Білімі 7 жылдық. Қызыл әскер қатарына 1938 жылы 21 жасында шақыртылыпты. Әскерде 51-ші атты әскер полкінде болған. Сәл кейінірек 95-ші атты әскер полкінде бөлімше командирі болып финдер соғысына қатысқан. Әскери шені – сержант. Әсіресе аралдық майдангердің жадында ақ финдерге қарсы атты әскер сапында шайқасқаны ұзақ уақыт сақталған көрінеді. Өйткені Финляндия өлкесінің қысы қытымыр. Қызыл шұнақты аязы мен қалың қарды үйіре ысқырған ақ басқын боранды қысы сол кездегі Аралдың қысқы ауа райына қатты ұқсас екен. Қалың қарда омбылап ат жүре алмаған тұста баяғы батыр бабаларынша жаяулап қолындағы қылышын жау үстінде жасындай ойнатқан сол тұс Жұбатқан қарттың көпке шейін есінен шықпай жүріпті. Тіпті бертінірекке дейін сол бір жауынгер атын анда-санда ойлап қояды екен. Осы арада айта кететін жайт, жоғарыда айтқанымыздай, атты әскер қатарына 1938 жылы 2 қыркүйекте шақырылып, ақ финдермен арпалысқан Жұбатқан Ұлекешов 1940 жылы қыркүйекте әскери борышын өтеп, елге оралады. Ол 1936 жылы Арал қалалық жинақ кассасында бақылаушы болып екі жыл тындырымды ісімен ұжым мақтанышына айналған болса, 1940 жылы қараша айынан бастап КСРО Өзен-теңіз министрлігі қарамағындағы қаладағы әскерилендірілген күзет бөлімшесінде қызмет етуге кіріседі.
Бірақ бір соғысты бастан кешіп келіп, бейбіт еңбекке енді араласқан Жұбатқан Ұлекешовты көп кешікпей тағы бір соғыс зобалаңы күтіп тұрған болатын. Оған дейін теңіз жағалауындағы кішкентай қаланың аспаны ашық, тіршілігі тынбай қыж-қыж қайнап жатқан еді. Осынау тыныштықты 1941 жылғы 22 маусымда басынан бақайшағына дейін мұздай қаруланған неміс басқыншылары кенеттен бұзғаны сарғайған тарих парақтарынан белгілі. Соған байланысты аудан орталығы мен ауылдардың сүттей ұйыған тыныштығы нілдей бұзылып, замандастарының көбісі бірінен соң бірі алғы майдан шебіне аттанып жатты. Енді майданға жаумен алысқан қатар-құрбыларының орнын қарттар мен шикі өкпе балалар, жас келіншектер алмастырды. Тіпті кейбірі кеме капитаны, көк теңізде ақжал толқынмен алысқан ержүрек балықшы атанды. Солардың бірі, кейінірек Социалистік Еңбек Ері атанған атақты балықшы Ұштап Өтеулиева болатын.
Жүрегінде жауға деген ыза-кек қайнаған Жұбатқанға да сұрапыл соғыстың екінші жылы Арал аудандық әскери комиссариаты арқылы кезек келді. Бұл неміс басқыншыларының үлкен тобы Волга өзені жағасындағы Сталинград майданы жауынгерлерімен бетпе-бет шайқасқан уақыты еді. Тап осы уақыт ішінде Сталинград қаласы жау қоршауында қалып, оны азат ету шайқасы қазандай қайнап жатқан болатын.
Міне, аралдық Жұбатқан Ұлекешов мыңдаған Кеңес әскерлері қатарында жоғарыдағы қаланы басып алуды жоспарлаған Германия әскерінің командашысы, атақты фельдмаршал Паулюстің қару-жарағы, әскері сақадай сай жасағын қоршауға алуға қатысқан кезеңі осы еді. Кескілескен қанды ұрыс қала көшелерінің әр бұрышында, әрбір үй үшін сағат сайын, минут сайын өрттей өршіп тұрған.
95-ші атты әскер полкінің бөлімше командирі, сержант шенінде жоғарыдағы шайқасқа қатысқан Жұбатқан әкеміз бұл майданда 1942 жылдың қаңтарынан сәуір айына дейін талай ерліктер жасайды. Сталинград шайқасы Кеңес әскерлерінің пайдасына шешіліп, фельдмаршал Паулюс әскері түгелдей құртып жіберіледі. Сөйтіп Ұлы Жеңіске үлкен қадам жасалады. Кеңес әскерлері Сталинградтағы шайқастан соң Шығыс Еуропаға қарай емін-еркін өріс ашады. Оның құрамындағы аралдық Ж.Ұлекешов бұл кездері 344-ші атқыштар полкінің бөлімше командирі ретінде Венгрияны, Румынияны, Польшаны азат ету шайқасына қатысады.
Бұл 1943 жылдың мамыр-1944 жылдың тамыз айларының аралығы болатын. Осы уақыт ішінде аралдық атқыш сержант өз бөлімшесімен бірге жау бекіністерінің талайын тас-талқан еткен болатын. Оның алғы шептегі ерен ерлігі бірнеше жауынгерлік орден-медальдармен жоғарғы командование тарапынан кезінде атап өтілді. Осылайша жігерін жанып, намысын асқақтата ұстаған аралдық жауынгер Жұбатқан Ұлекешов полктастарымен бірге жарты Еуропаны жаяу шарлап, жау ордасы – Берлинге күн санап жақындай түскен еді. Бұл 1944 жылдың тамыз айы болатын. Кезекті ұрыста өз бөлімшесін бастап алға ұмтылған ержүрек сержант кенет екі бүктетіле құлаған. Әуелгіде ет қызуымен елемепті. Қаңғыған жау оғы Жұбатқан Ұлекешовтың екі аяғын бірдей ауыр жарақаттап кетіпті. Қанды көйлек жауынгер достары дереу зембілмен далалық санбатқа жеткізген. Бірақ онан қайран болмай, жау ұясын табанымен таптаймын деген жерлес жауынгер ақыры Башқұртстан астанасы – Уфа қаласындағы әскери госпитальдан бір-ақ шыққан болатын. Бұл жерде ұзақ уақыт ем-дом алған Жұбатқан әкеміз ақыры әскерге жарамсыз болып, соғыста алған ауыр жарақатының салдарынан елге оралады.
Төрт жылға созылған қанды соғыс елдің де тіршілігін біраз тұралатып тастағанын көрген майдангер тылдағы өмірге тез бейімделіп, бейбіт еңбекке араласа бастайды. Сөйтіп қаладағы әскерилендірілген күзет, өрт сөндіру мекемелерінде ұзақ жылдар абыройлы еңбек етеді. Омырауында соғыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін тағылған жауынгерлік "Қызыл жұлдыз" ордені мен бірнеше медальдары жарқыраған кешегі қарт сарбаз бертінге дейін бейбіт еңбек сапындағы тындырымды, тыңғылықты істеріне орай мекеме тарапынан талай мақтау-марапаттарды еншілеген көрінеді.
1944 жылы ауыр жараланған жауынгер Ж.Ұлекешов ауылға оралған соң, көп кешікпей Сара атты замандас құрбысымен бас қосады. Ұзақ жылдар бақытты, бақуатты ғұмыр кешіп, 2002 жылы 85 жасында бұл фәниден мәңгілік мекеніне аттаныпты. Қос қарияның артында қалған 4 ұл, 4 қыздан өрбіген 26 немересі кешегі Жеңіс сарбазының жемісі іспетті. Солардың бақыттары баянды болсын.
Аталары Жұбатқан Ұлекешовтың рухын ұмытпау үшін осы деректерді бізге жеткізген немерелерінің жас болса да кісілік істеріне шын жүректен алғыс айтамыз.
Т. НҰРЖАН-БАЛТА