Қоршаудағы шайқас

Оқ қарша борап тұр. Күтпеген жерден айлалы жау жаңа ғана өткен көпірді бомбалап быт-шытын шығарды. Арттан келетін көмек те, кейін шегінетін жер де болмай, жаудың қоршауында қалды. Құтырынған жау өршелене алға ұмтылып, немістердің танкілері тап берді. Темір бронды қалқалай фашист автоматшылары оқты қарша боратып, шабуылға шықты. Темір қалпақтарын баса киіп, еш нәрседен тайсалмай келе жатқан жау солдаттары өздеріне сенімді сияқты. «Иә, ата-баба өзің жар бола гөр» деп қолындағы танкіге қарсы қаруын кезеніп, жердің апшысын қуырып, шынжыр табаны жарқырап жұрттың зәре-құтын алып, күркіреп келе жатқан жаудың танкісін көздеп атып қалғанда, бір орнында шыр айналып қара түтін бұрқ ете түсті. Іле-шала люктен шыға қашқан жауды Кеңес әскерлері сол сағатында қиып түсті. Ызаланған жау қаншама өршелене ұмтылғанмен, ұрыс даласында көптеген техникасы мен өліктерін қалдырып, кейін шегінуге мәжбүр болды.
Көп ұзамай аспанды жау самолеттері қаптап, төбе құйқаны шымырлатқан зарлы дауысты ажал оқтарын, бомбаларын тастай бастады. Бас көтертер емес, алас-қапасты пайдаланып қалғысы келгенге ұқсайды. Күтпеген жерден жау танкілері бір бүйірден шыға келді. Қас-қағымда байқап қалған менің атам танкіге қарсы ататын мылтығын оңтайлап, дереу аттан салып жауынгерлерге хабарлап, ескертіп үлгірген еді. Қаруын кезеніп ата бастағанда, маңайына түскен снаряд жарылысынан есінен тана құлады. Есін жиғанда, гүрілдеп үстіне төніп келе жатқан жау танкісін бір-ақ көрді. Жалма-жан қолына сығымдап ұстаған гранатасын "иә, аруақ" деп сілтеп қалғанда, өңмендеп өңешін созып, гүрілдеп, адамның зәре-құтын қашырып келе жатқан жау танкісінің шынжыр табаны сөгіліп, бір орнында шыр айналып отқа оранғанын бір-ақ көрді. Үстерін батпақ пен шаң басқан жауынгерлердің, ауыздарын ақсита ашып жерді қопарып жатқан снарядтарға қарамастан, қаруларын жауға кезеніп жүгіріп бара жатқаны көз алдынан өтіп жатқан еді.
Осы ұрыста менің атам Төлеев Нағи қатты жараланған болатын. Полк командирі сол шайқастағы ерен ерліктері үшін әрқайсысын «Қызыл жұлдыз» және «Даңқ» ордендерімен марапаттады. Бұл Нағи атамыздың Ұлы Отан соғысындағы басынан кешірген оқиғаларының бірі ғана болатын. Менің атам соғысты Берлин түбінде фашистерді талқандаумен аяқтаған. Жасаған ерліктерінің куәсі ретінде, атамның кеудесіндегі ордендер мен медальдардың әрқайсысының өз алдына тарихы бар.
Манарбек ТӨЛЕЕВ,
Қамыстыбас ауылдық округінің тұрғыны, немересі