Маршалдан «Алғыс хат» алған байланысшы
Жуық арада жолым түсіп Жақсықылыш (бұрынғы «Аралтұз») кентіне барғанымда, түзу көшелерінің бойындағы бір ақшаңхан үй көзіме оттай басылды. Шарбағына дейін таныс сияқты.
–Мынау кімнің үйі деппін қасымдағыларға.
–Білмейтін бе едіңіз, бұл Ықылас деген інілеріңнің үйі. Мектепте мұғалім, басшы болып қызмет істеген, қазір шаңырағын Шәри келін ұстап отыр. Балалары-келіндері тұрады.
Шәри келін?.. Есіме енді түсті. Осыдан қырық бір жыл бұрын ақпан айында редакцияның тапсырмасымен ержүрек байланысшы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қоныс Сейітжанов туралы жазуға келгенмін. Сонда үй шаруасымен айналысып жүрген Шәри келінін шақырып алып таныстырған. Шиелінің тумасы, Ықылас баламмен бірге институт бітірген. Отау құрып, екеуі де мектепте физика-математикадан сабақ береді деген.
***
–Сол кезде Қоныс ақсақалдың жасы жетпісті толтырып, сексенге иек артқан. Бидай өңді, жұқалтаң, орта бойлы. Сөз саптауы да түйеден түскендей емес, ұғынықты. Сірә, елді, көпті басқарған сияқты болып көрінді маған.
Айтса айтқандай екен. Екеуара әңгіме барысында жастай еңбекке араласқанын, сонау 1936-1937 жылдары аудандық атқару комитетінің санақ бөлімінде инспектор, 1938-1939 жылдары Октябрь ауылдық кеңесінде хатшы, содан кейін Ақирек ауылдық кеңесінде есепші болып жұмыс атқарғанын әсерлі етіп әңгімелеп берді.
Ұзақ сонар әңгіменің саласын тәмамдадым дегендей, ол келесі бөлмеге шығып кетті. Осы арада оның үйінің төрінде ілулі тұрған (сарғыш тартқан) «Алғыс грамотаға» көзім түсті.
Жақындап барып грамотадағы жазуды оқи бастадым. Онда: «Ефрейтор Қоныс Сейтжановқа» деген сөздермен басталып, грамотаның соңына Бірінші Украина майданының Қолбасшысы, Кеңес Одағының маршалы И.Конев қол қойған екен. Неде болса осы бір «Алғыс грамотаның» өзіндік бір сыры бар шығар. Әсіресе Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсетпесең, бұл грамота тектен-тек берілмейді ғой. Міне, осы ой ол келгенше мені мазалады...
–Бұл да бір әңгіме болсын, тыңда, айта отырайын, – деді бөлмеге қайта енген Қоныс ақсақал. Ол сөзін әрі қарай сабақтай түсіп, әңгіменің желісін (менің келген мақсатымды сезгендей) Ұлы Отан соғысы жылдарына бұрды.
1942 жылы Ақирек ауылдық кеңесінде есепші болып жүрген жас Қоныс ел басына қайғы төндірген неміс-фашистеріне лағнет айтып, әскерге аттанғандардың бірі болып кете барады.
Орынбор облысына келген соң, – дейді ол запастағы 73 атқыштар полкіне түсіп, соғыс техникасын үйренумен қатар, байланысшы мамандығын игеріп алдым. Содан біздерді Отанымызға төнген жауға қарсы соққы беру үшін майдан шетіне аттандырды.
Сонымен майдан өмірінің ең қиын, ең ауыр күндері басталды. Сол жылдың күзінде байланысшы Қ.Сейтжанов 934 гаубицалық-артиллерия полкінің қатарында болып, Воронеж түбінен басталған алапат ұрыстардан Бірінші Украина майданының барлық жорық жолдарын басынан кешірді. Алғаш үрейлі көрінген майдан даласы бірте-бірте оған батылдық әкелгендей серпін берген. Яғни айтқанда, оның шалт та батыл қимылдары ескерусіз қалмаған. Сол кезде-ақ ол бірнеше алғыс грамоталармен марапатталыпты.
Соғыста зор сенімге ие болған байланысшы Қоныс Сейтжановтың Украинаның Оппельн қаласын фашистерден тазартуға қатысқаны үшін алған Алғыс грамотасының орны ерекше. Сондай-ақ, ол туысқан Латвия, Литва жерлерін жаудан тазартуда да айрықша ерліктер көрсеткен.
...Бірде байланысшы Қоныс Сейтжановтардың батереясы жаумен бетпе-бет шабуылға шығып, Кеңес жауынгерлеріне жол ашып беруге тура келді. Бұл 1944 жылдың тамыз айы болатын. Ұрыс қызу жүріп жатыр. Әр минут қымбат. Қай бағытқа зеңбірек оғын боратуды алғы шеппен байланыс жасап тұрған Қоныстың телефон сымын жаудың атқан оғы үзіп кеткендей болды. Байланыс жоқ. Артиллерия онсыз оқ атпайды, атса да жаудың бағытын дұрыс бағдарлай алмайды. Енді не істеу керек? Көп ойланатын уақыт жоқ. Ефрейтор Қ.Сейтжанов батерея командиріне болған жайды баяндап, оны жалғап келуге рұқсат сұрайды.
Арада көп уақыт өтпей-ақ үзілген сым қайта жалғанды. Гаубицалық-артиллерия жауға оқты үсті-үстіне төпеп, күйрете соққы берді. Сөйтіп, кеңес жауынгерлеріне жол ашылды. Міне, ол осындай ерлігі үшін үлкен құрметке бөленді. 934 Қызыл Тулы артиллерия полкінің 8 батерея байланысшысы Қоныс Сейтжанов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
1945 жыл. Жаудың беті қайтқан кез. Бірақ неміс фашистері шегініп бара жатып, жолындағының бәрін қырып-жойып бара жатты. Соған қарамастан Кеңес жауынгерлерімен қатар, өз халқының және туысқан елдер бостандығын қорғап қалуға үлесін қоса білді. Яғни, ефрейтор Қоныс Сейтжанов Еуропаның ірі-ірі қалаларын неміс-фашистерінен азат етуде майданның алғы шебінде болды. Әсіресе, ол Польшаның Кранов қаласын жаудан тазартудағы тағы бір ерлігі ерекшеленді. Сөйтіп, ол бұл жолы Жоғарғы Қолбасшының атынан «Алғыс Грамота» (төрде ілулі тұрған осы грамота) алады.
Ұлы Отан соғысында бір-ақ рет жеңіл жараланғаны болмаса Қоныс Сейтжанов әрдайым жауынгерлік сапта болды. Отан ержүрек байланысшының ерліктерін жоғары бағалап, тағы да «Ерлік көрсеткені үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапаттаған. Сондай-ақ, бейбіт күндері «Ұлы Отан соғысы жеңісінің –20, 25, 30 жылдығы» және 1969 жылы « КСРО Қарулы Күштерінің 50 жылдығы» мен 1979 жылы КСРО Қарулы Күштерінің 60 жылдығы» мерекелік медальдарының иесі атанған жан еді.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Арал қаласы.