Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Есейгенде сол «рөлдерімізді» таңдадық

Есейгенде сол «рөлдерімізді» таңдадық

«Толқын» газетінің бетінде құқық саласындағы жаңалықтар мен оқырмандардың көкейіндегі сауалдарға байланысты ой-пікірін білдіріп келе жатқан ішкі істер саласының ардагері, полиция полковнигі, белгілі адвокат Байтақ Сүлейменовтің бүгінгі мақаласы жас буынға ой салуымен құнды.

Бұл мезгіл – мектеп бітіруші жастар мен ата-аналар үшін маңызды кез. Алдымен мамандық, одан соң оқу орнын таңдау, қалауға зор мүмкіндік туған заманда да әрине, күрделі мәселе. Ал осыдан жарты ғасыр бұрын біз де үлкен мақсатпен жан-жаққа жол тартқан едік. Сарғайған суреттер арасынан бір топ достарыммен бірге футбол ойынына кірісер алдында түскен бейнеміз көзіме оттай басылды. Біраз уақыт сол кездерді есіме алып, ойға берілдім.
Сонау 1970 жылы Арал қаласындағы №177 мектепті 35 ұл-қыз тәмамдадық. Соның 12-і марқұм болып, 23-і жер басып жүр екенбіз. Әлі есімде, қоштасар күні аяулы ұстаздарымыз-сынып жетекшіміз, ауданға белгілі Әбдуали Әлмаханов, Жеңіс Сүлейменов, Нәкебай Айсауытов, Мұхан Сермағамбетов, Ізбасар Досжанов, Орынша Жетесова, Назипа Нұрманова, Роза Батырова, Бимұрат Үсенов өздерінің бастан өткен оқиғаларын айтып, бізге сәт-сапар тілеген еді. Біздің бір-бірімізге бауыр басып қалғанымыз сонша, «ендігі жерде бөлек кетіп қалай өмір сүреміз?» деген ой мені меңдеп алған-ды. Басқалар да сондай ойда болды ғой деймін. Аттестат алып сыныптан шыққан сәтте қимастықтың көз жасын бір-бірімізге көрсетпейік деп, саусақпен іліп алып тастағанымыз есімде.
Мектепте еңбектен сабақ беретін ағаймыз Бимұрат Үсенов пьеса жазып, өлең шығаратын, ақынжанды кісі еді. Бірде батыр апамыз Мәншүк Мәметоваға арнап «Гүл-Қызғалдақ» деген пьеса жазып, соның кейіпкерлерін ойнауды 10 сыныпта оқып жүрген біздерге ұсынды. Біз құлшына келісіп, өзімізге лайықты рөлдерді «сомдадық». Соның ішінде кейбірі біздің кейінгі өмірімізге сәйкес келді. Әскери форма киіп, қызыл командир майордың рөлін ойнаған мен, кейін полиция қызметкері болып, полиция полковнигі болдым. Ал теміржолшының киімін гестапоның киіміне айналдырған Жақсыбек Әбішов Алматы қаласындағы трамвай-троллейбус паркінің білдей бастығы болды. Сол пьесада көлік жүргізушілерді сомдаған Әбсұлтан Тілеужанов, Бірлікхан Балсүгіров және Үргенішбай Ерниязовтар шынында жүргізуші болып жұмыс істеп, абыройлы болып зейнетке шықты.
Мектеп қабырғасында жүргенде «Кім қандай оқуға барады?» деген пікірталас болған. Көбісі күнде көріп жүрген ұстаздарымызға еліктеп, мұғалімдікті таңдаған еді. Сонда тарихшы ағаймыз Нәкебай Айсауытовтың бір жағынан әзілі, бір жағынан шыны болу керек, «Менің сендерге қарғысым –«мұғалім болыңдар» дегені. Кімнің қалай түсінгенен білмеймін, осы сөзден кейін кейбіріміздің мұғалім болудан бас тартқанымыз анық. Ағайымыз ол кезде ұстаз жүгінің ауыр, жауапкершілігінің қиын екенін, оны кез-келген адамның алып жүре алмайтынын айтса керек. Ағайдың айтқан «қарғысын» тыңдамай, осы салада көп жыл еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көріп отырған Бақтыгүл Ізтілеуова, Нағима Тлеубергенова сынды сыныптастарымызды мақтаныш тұтамыз. Арман қуып Алматыға барған Сәулеш Шаңқыбаева тау-кен институтын тәмамдап, көп жыл геолог болды. Ал темір жол институтын бітірген Алма Сахиева Алматы темір жол басқармасында инженер болып қызмет етіп, өмірден ерте кетті. Ресейдің Астрахань қаласындағы жоғарғы білікті балық шаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орнын бітірген Рәйла Шалғынбаева еліміздің балық минитрлігінде жемісті еңбек етіп, бейнеттің зейнетін көруде. Балық шараушылығында еңбек еткен тағы бір досымыз аудандағы «Райым» колхозының төрағасы болып шаруашылықты өрге сүйреді. Ол да өмірден ерте кетті. Темір тұлпардың тізгінін ұстап, аудан экономикасының өркендеуіне аянбай үлес қосқан Сағынған Орымбетов, Ертөстік Көбегенов кеуделерінде «Озат механизатор» деген төс белгілері жарқырап, әулеттерінің ардақты аталары болып отыр. Тараз қаласында жүрсе де бізден бір мезет байланысын үзбейтін, жоғарғы білікті дәрігер болған Өтебике Изекенов кластасымыз пойызға билет алып қойғанын, дүбірлі кездесуге асығып, күнді өткіз алмай жүргенін айтып қуантып қойды. Онымен бірге Түркістан облысы, Шаян ауылында тұратын Райхан Күндібаева да аяғы ауырып, сыр беріп жүрсе де бұндай кездесуге қайтсе де келетінін айтып, телефон шалуда.
...Маусым айының соңы тақаған сайын жүрек өрекпіп, мазасыз ойлар тақымдап қояр емес. Себебі, 28 маусым – мектеп бітіргенімізге 50 жыл толуын атап өтер күн. Оған алыс-жақыннан достарымыз келеді, олардың ішінде елу жылдан бері бірін-бірі көрмегендер де бар. Елу жыл – өткенге есеп беріп, болашаққа күмәнмен қарайтын жыл. Былай қарасаң, елу жыл көп те емес, ал өткен шақпен еске алсаң, аз да емес сияқты. Дағыстандық заңғайыр ақын Расул Гамзатов: «Өткенде еске алмасаң болашақ зеңбірікпен оқ атады» деген екен.
Иә, кешегі бозбала мен бойжеткендер, қазіргі басын ақ қырау шалған жігіт ағалары алдағы күндері аман-есен кездесуге жазсын. Көңілі қарттықты қаламаған ақиық анық Қадыр Мырзалиев ағамыз жетпіске келіп қалған сыныптастарын «жасы келген қыздар» депті ғой. Сондықтан, «Хош келіңіздер, туған жерге «жасы келген кластастарым» деймін.

Байтақ Сүлейменов

20 маусым 2020 ж. 668 0