Кандагарда қиылған ғұмыр
Жер бетіндегі ана атаулының ақ тілегі қой үстіне бозторғай ұя салатын мамыражай тыныштық заман екені бесенеден белгілі.
Аудан орталығының түстігінде Бөген-Арал қаласының арасында бұрынғы ел құрдай жорғалаған ескі жол үстінде бағзы уақыттан бері түтін түтеткен «Көктем»атты кішкентай ауыл бар.Төрт түлік мал баққан,отын теріп,шөп шапқан кәдімгі қазақ ауылы.
Өткен ғасырдың алпыс екінші жылғы ақ боранды 7 жұлдызында осы ауылдағы Мұстафаев Аманбайдың отбасында жарық дүниеге іңгәлап ат ұстар сәби келді. Ер баланы «ел қорғаны» деп білетін ауылдастар қалың құмды мекен еткен елді мекенде өмірге келген балаға Аманқос деген есім еншіледі. Сөйтіп, сол Аманқос 1969 жылы осы ауылдағы сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттады. Мектепті үздік бітірген ол жастайынан зерек,білімді,алғыр болып өскен. Тоғызыншы,оныншы сыныптарды 1977 жылы қаладағы бұрынғы №199 орта мектептен тәмамдаған соң, өзінің кіндік қаны тамған Сайғонды ауылдық кеңесінде пошташы болып бір-жар жыл қызмет атқарды.
Қаршадайынан малды ауылда өскен Аманқос мал маманы болуды армандаушы еді. Мұны әке-шешесі де бірауыздан мақұлдады. Сонан ол Талдықорғандағы ауыл шаруашылығы техникумында зоотехник мамандығы бойынша дәріс алып жүрген бірінші курста-ақ Кеңес әскері қатарына шақырылды. Бұл 1981жылдың 3 сәуірі болатын.
Бұл Кеңес әскерінің шектеулі контигенті Ауған жеріндегі арпалысқа белсенді атсалысып жатқанының екінші жылы еді. Осы қанды шайқасқа азғана дайындықтан соң бірден түскен Аманқос соғыстың қандай зұлмат екенін салғаннан пайымдады. Өзі де,жанындағы қанды көйлек достары да өздерінің жауынгерлік борышын ақ адал атқарды. Бетпе-бет келген талай дұшпандардың көзін жойды. Соғыс шығынсыз болмайтынына оның осы жолы көзі жетті. Кандагар қаласының маңайындағы қанды қырғында бірнеше жауынгер досы мезгілсіз мерт болды. Тау-тасты аймақта туып-өскен дұшман жасақтарының әдіс-айласы бұлардан басымырақ секілді. Кейде екі жақ бірін-бірі ала алмай таң ала кеугімде басталған ұрыс қас қарайғанша созылатын еді.
Аралдық ержүрек жауынгер Аманқос Мұстафаевтың ерлік жолдары Ауған жеріндегі әрбір тау-таста мәңгілік жазулы тұрған іспеттес. Мұны жерлестері мәңгілік мақтан етеді. Ол осы шайқаста сұм ажалмен талай рет бетпе-бет шайқасқан еді. Ақыры,дұшмандар оғы небәрі 20 жастағы Аманқос ағамызды Кеңес әскерлерінің кезекті шабуылы кезіндегі сұрапыл ұрыста келтесінен қиғаны қандай өкінішті. Бұл 1982 жылғы қазан айының 24 жұлдызы болатын.
Бар болғаны 20 жасында Ауған даласында батырлық тұлға танытқан есіл ер осылайша Кандагар қаласы үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапты.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран»демекші, ауданымыздың Көктем елді мекенінде дүниеге келіп, алыстағы Ауған мемлекетіндегі бейбіт өмір үшін 20 жасында қызғалдақ ғұмырын қиған жерлесіміз Аманқос Аманбайұлының ерен ерлігіне орай арада сегіз жыл өткен соң 9 мамыр Жеңіс мерекесі қарсаңында жауынгерлік «Қызыл жұлдыз»орденімен марапатталды. Бұл күндері Аманқос ағамыз туып-өскен Көктем елді мекенінің үлкен-кішісі жауынгер жерлестерін әрдайым мақтан етіп, рухына тағзым етеді. Біздің мектебімізге 2017 жылы жауынгер ағамыз Аманқос Мұстафаев есімі берілді.
Э.БІТІМБАЕВА,
№ 227 негізгі мектебінің тарих пәні мұғалімі