Ауылдан Ауғанстанға аттанған

«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» - дейді біздің дана халқымыз. Ежелден халқы үшін кеудесін оққа тосқан батырларын құрметтеген біздің халық, есімін естен шығармай, ұрпақтан-ұрпаққа үлгі етіп отыратыны белгілі. Сондай мықты азаматтардың бірі – жоғарыда айтып кеткен менің туған нағашым (марқұм) Аманқос Аманбайұлы Мұстафаев болатын. Анам мен туған-туыстарымның сол кезден бергі дос-жарандарының айтуынша, ол өте бауырмал, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетіп жүретін, елге сыйлы, ақкөңіл азамат болған екен.
Нағашы атамның өмірден өткеніне тоғыз жылдан асты, ал нағашы әжем қазір 86 жаста. Заманында «көгерту Көктем» деген керемет атауды еншілеген бұл елде қазір 40 тың үстінде түтін бар. Елді мекеніндегі қара шаңыраққа барған сайын әжем марқұм нағашымды есіне түсіріп, көзіне жас алып отырады. Анам әлі күнге дейін бала күннен бергі нағашымның қандай адам болғанын сөзбен сипаттап, өткен жылдардың естеліктерін айтып отырады, қызықты сәттерімен үнемі бөліседі. Соған қарағанда, біз бүгін сағына еске алып отырған жанның жас күнінде жақсы адамға лайық қасиеттері көптің есінде жатталып қалған секілді.
Енді ерлігін елі мақтаныш еткен Мұстафаев Аманқос Аманбайұлының өмірдерегіне тоқтала кетсем. Ол 1962 жылы 7 ақпанда Арал ауданы, (бұрынғы Сайғонды) қазіргі Көктем елді мекенінде дүниеге келген. 1969 жылы алғаш рет сол туған жеріндегі сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттайды. Қалған екі жылын 1977 жылы Арал ауданындағы №199 орта мектепте оқып, оны бітірген соң, 1979 жылы өзінің туған жері Көктем елді мекенінде ауылдық кеңесте почташы қызметін атқарады. 1980 жылы ауыл әкімшілігінің нұсқауымен Талдықорған облысындағы зоотехникумға оқуғы жіберіледі. Небәрі 1 курстан кейін, 1981 жылы 3 сәуірде әскер қатарына шақыртылады. Әскери борышын өтеуге, Ауғанстанның Кандагар қаласына жіберіледі. 1982 жылы жат жерде жауынгер ерлікпен қаза тапқан.
Марқұм нағашымның ерен ерлігі үшін 1990 жылы 9 мамырда «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Аудан басшылығы батырдың ерен ерлігін құрметтеп, өзі туған жеріндегі Көктем елді мекенінде орналасқан №227 негізгі мектепті Аманқос Мұстафаевтың есімімен атауға шешім қабылдады. Осындай құрметке лайық деп танылған жан өскелең ұрпақ үшін әркез мақтаныш болып қала бермек. Көктем елді мекеніндегі білім ордасы нағашымның атымен аталып тұрғанда, ешқашан есімі ұмытылмайды. «Ер есімі – ел есінде» деген осы болар.
Ержан СӘРСЕМБАЕВ,
№69 орта мектептің мұғалімі