Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алпыс жастың асуы

Алпыс жастың асуы

Аралдың ақжал толқындары жағаға соғып, ауыл тіршілігі сол бір уақытта қыж-қыж қайнап жататын еді. Теңіз үстінде жүзген кемелер, балықшылық кәсіптің берекелі көрінісі күні кешегідей көз алдында. Алыста қалған балалық шақтың қайта оралмайтын бақытты сәттері екен ғой.
Теңіз жағасында жатқан Бөген қонысының осындай керемет кезеңі сол ауылда өскен Ағыбай ағамыздың ойына қазір жиі оралып тұрады. Аманөткел елді мекенінде кіндік қаны тамғанымен балалық және жастық шағы Бөген ауылында өтті. Балықшы өмірін көріп өскен өрен сол жарқын сәттерді қағаз бетіне түсіріп, ойы жеткенше бейнелеуге күш салатын еді. Осылайша ол қаламды өмір бойы жанына серік еткенін байқамай қалған секілді. Шығармашылыққа бейім болуы кейіннен журналистика саласына жетелеп келді. Содан бері сол жерден әлі күнге дейін ажыраған жоқ.
– Алғашқы мақала жазуым мектеп қабырғасынан басталды. Шамамен тоғызыншы сыныпта оқып жүргенмін. Мектептегі оқушылар өмірінің әттеген-ай деген тұстарын қағаз бетіне түсірдім. Оны ауылдан алыста жатқан Алматы қаласындағы «Қазақстан пионеріне» жолдаған едім. Сол жазғаным басылымда жарияланып, мерейімнің өсіп қалғанын әлі ұмытпаймын. Содан кейінгі жылдарда аудандық «Толқын», облыстық «Ленин жолы» газеттеріне мақалаларым шығып жатты. Тақырыбым – ауыл тіршілігі, балықшылар өмірі. Ол уақытта елдің бәрі газет оқиды. Ауыл-аймаққа есімім осылайша танылды, – деді Ағыбай Орынбаев ағамыз бізбен әңгімесінде.
Десе де ол кісі журналистика саласына бірден бет бұрған жоқ. Мектеп бітіргеннен кейін Қызылорда политехникумын тәмамдап, еңбек жолын 1982 жылы Бөген машина-мелиоративтік стансасында бастады. Бірақ қолынан қалам түскен жоқ. Сан алуан басылымдарға мақалалар жолдап тұрды. Өзі облыстық газеттің штаттан тыс тілшісі ретінде ауыл өмірін көзден таса етпеді. 1986 жылы ауылдағы наубайхана жайын жазған мақаласы облыстық басылымда жарық көрді. Бұл мәселе аудан басшылығына қозғау салып, көп ұзамай елді мекенде жаңа типтік жобадағы наубайхана бой көтерді.
Жүрек түкпірінде жатқан арманы бәрібір оны журналистикаға жетелеп алып келді. 1989 жылы облыстық газетте корректор болып, талай тұлғаның ізі қалған қасиетті шаңырақтың табалдырығын аттады. Содан бергі өмір жолы журналистика саласымен тікелей байланысты. Облыстық газет беттерінде көптеген мақаласы жарияланды. Байырғы басылымда аға буынның тәрбиесін көріп, бұл саладағы тәжірибесін молайтты. 
Ол кезеңде қазіргідей емес, баспахана жұмысы қолмен атқарылады. Корректор газеттің қатесіз шығуына жауап береді. Сондықтан әр нөмір толық шыққанша жұмыс басында жүреді. Бұл жұмыстың журналистикаға жаны құмар жас маманды ширата түсетіні тағы бар.
 Одан кейінгі жылдарда облыстық прокуратурада баспасөз қызметі саласында жемісті еңбек етті. Аталған органның «Прокуратура тынысы» газетін шығарды. Бұл салада 1997-2007 жылдарда табан аудармастан қызмет атқарды. Ал 2009 жылдан бері өңірге тарайтын «Сыр дидары» газетін шығарып келеді. Қоғамдық-саяси және рухани-танымдық бағытта жарық көретін басылым қазір оқырмандар арасында кеңінен танымал.
– Расын айтайық, газет шығару ісі оңай емес. Қаржы тарту, баспасөзге жазылу бағытында тыңғылықты жұмыстар жасалуы тиіс. Алғашқыда көптеген қиындық кездесті. Бұл біздің қолға алған ісімізге кедергісін келтіре қойған жоқ. Бастапқыда газет екі аптада бір мәрте жарық көрсе, қазір басылым оқырманмен аптасына жүздеседі. Таралымы 3800 данаға дейін жетті, – деді ол.
Бүгінде аталған бағыттағы жұмыс аясы кеңейіп келеді. 2013 жылдан бері «Сыр құтқарушысы» журналын ай сайын шығару ісін қолға алды. Атынан көрініп тұрғандай, журнал облыстық төтенше жағдайлар департаментін ақпараттық қолдау бағытында құрылған. Сондай-ақ, редакция жанынан кітап, өзге де баспа өнімдерін шығаруға көңіл бөледі.
–Бір іске шын ниетпен күш жұмсай білсең, ол жемісін береді. Газет бетінде көпшілік көңілін алаңдатқан сыни және проблемалық материалдарға орын беріледі. Осының нәтижесінде көптеген түйткілдің шешілуіне ұйытқы болдық, – дейді ағамыз.
– Екі ұлыма әрдайым алға ұмтылудың қажеттігін түсіндірдім. Екеуі де Алматы қаласындағы іргелі оқу орнының бірінде білім алды. Қазір шетелдік компанияда IT саласы бойынша еңбек етті. Жұбайым Лиман әлеуметтік қорғау саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарды. Қазір зейнет демалысына шықты, – деді Ағыбай ағамыз сөз соңында.
Асқаралы алпыс жасты толтырған ол осы бағытта әлі де еңбек етуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатта көптеген жобаларды қолға алмақ ниетте.
Әділжан ҮМБЕТ

syrboyi.kz



12 желтоқсан 2021 ж. 981 0