Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Томиристен» не түйдік?

«Томиристен» не түйдік?

Көптен күткен «Томирис» те эфирге шықты. Бас продюсері – Әлия Назарбаева. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм»  киностудиясы мен Sataifilm компаниясы түсірді.  Режиссер Ақан Сатаев оған  2 жарым жыл уақытын жұмсады.  Ұзақтығы – 2,5 сағат. Сценарийді Тимур Жақсылықов пен Әлия Назарбаева жазды.
Ақан Сатаев: «Бұл фильм 93 күн түсірілді. Жалпы, жоба­ны шы­ғару кезеңі екі жарым жыл­ға созылды. Кей күндері түсі­рі­лім алаңында бір уақытта 800-ге ­ жуық кісі болды. Шы­ғар­­машылық топтың құрамында ең көп дегенде – 400 адам. Фильм Шоңжы, Қапшағай, Ал­маты және Көкшетау қала­ла­рын­да түсірілді. Біз әуел баста Ва­вилон, Кир патшасы бар кино бө­ліктерін Мароккода түсіреміз деп ойлаған едік. Бірақ біздің су­ретшілеріміз ол жақтың декорацияларын көріп келгеннен кейін қаражат жағын үнемдеу туралы шешім қабылданды»,– дейді.
Тұмар ханым жайында бұған дейін де талай киносценарий жазылды. Оның көбі Болат Жан­дар­бековтің «Томирис» романына сүйенгені белгілі. Бұл тақырыпқа марқұм Таласбек Әсемқұловтың да қалам тартқанын білеміз. Алай­да бұл киносценарийді Ақан Сатаев пайдаланбағаны бел­­гілі. Режиссердің айтуынша, «То­мирис» фильміне тарихшы Алмас Ордабаев кеңесшілік жасап­ты. «Тарих жағынан біздің кеңес­ші­міз – Алмас Ордабаев. Ол кісі үнемі біздің жанымызда болды. Ол кісілерсіз біз бір қадам да жасамадық» дейді.
Рас, бұған дейін Томи­рис туралы түсінік Геро­дот жазбалары ар­қы­лы қалыптасты. Тамы­рын індетіп қазып зерттеген ғалымдар да Геродотқа сүйенетіні анық. Бұл орайда сценарий автор­лары да сол тарихи жаз­ба­ларды негізге алатыны сөзсіз. Геродот жазбалары де­мек­­ші, «Томиристің» трейлері жарияланған соң режиссер­дің instagram парақшасына хат жаз­ған ирандық көп болыпты. «Фильмде тағы бір жарқын тұлға бар: ол – Кир патша. Мен оны сол заманның ұлы тұлғаларының бірі деп есептеймін. Біз бұл кейіпкерге өте зор құрметпен қарадық. Сон­дық­тан ирандық көрермендер біздің фильмді көрсе, аса қарсы бір уәж айта қоймайды. Себебі бұл жерде сауалды Геродотқа қою керек. Бұл – сол тұлғаның айт­қаны. Әлемдегі халықтың 90 пайызы Томирис тарихын солай қабылдайды» дейді режиссер.
  Альмира ТҰРСЫН, актриса:
Мақсатым – жұлдыз болу емес
– «Томириске» аяқасты келгеніңді білеміз. Жал­пы, кастингті қайдан естідіңіз?  Кастинг қалай өтті?
– Кез келген қыздың арманы – киноға түсу. Сол секілді менің де арманым орындалды. Біріншіден, Алла Тағалаға, екіншіден, осы киноның басы-қасында жүрген адамдарға алғысым шексіз.
Кастинг директоры басты рольге келетін кейіпкердің бейнесін интернеттен қарап отырып, менің де суретімді көріп қалады.  Содан Іnstagram парақшама хат жазып жіберіпті. Міне, сол кезде осы жоба туралы білдім. Артынан маған хабарласып, 2-3 суретімді жіберуімді сұрады. Алғашында анкета толтырып, талабы бойынша бейнежазбалар жібердім. Кейінгі тыңдалым Нұр-Сұлтандағы «Жастар» театрында болды. Үшінші рет Алматыға барып, режиссерлермен кездесіп, костюмдерді киіп, рольде ойнадық. Сөйтіп, кастингтің барлық айналымынан өттім.
 – Түсірілім барысында ең қиыны не болды?
– Сөйлеу жағы қиын болды. Себебі кино қазақ не орыс тілінде емес, көне парсы, түркі тілінде еді. Сөзді жаттап қана қоймай, сөздің мән-мағынасын түсініп жеткізу керек болды. Оған қоса, тарихи кино болған соң күрес, төбелес, атқа міну, садақ атуды меңгердік. Тіпті еркекшора болып, дөрекілік көрсету керек.  Ал бұл менің табиғатыма жат нәрсе. Жаңа бейнені қабылдау қиынға түсті. Нәтижесінде, бәрін жеңдім. Бірақ кино мені жақсы жаққа өзгертті деуге болады.
– Кәсіби актерлермен жұмыс істеу қиын тимеді ме?
– Рас, актер ретінде кәсібилігім жоқ. Бірақ ол нәрсе, керісінше, маған көмектесті. Себебі жүрекпен ойнап, сезінуге тырыстым. Бастапқыда олар менімен жұмыс істей ала ма деген қобалжу болды. Түсірілім барысында кемшілік айтып, тиіскендер болған жоқ. Қай-қайсысы болмасын көмегін көрсетіп, керек жерде кеңесімен бөлісіп отырды. Актерлердің жылы  қарым-қатынасы арқасында еркелеп жүрдім.
– Отбасыңыз бұл таңдауыңызға қалай қарады?
– Қарсы болмады. Отбасымның қолдауы арқасында осы жобаға қатыстым. Үй жұмыстарын өздері бөліп алып,  мені біржола босатты де­сем де болады. Оған қоса, жұмыс істеу графигім уақытыма өте қолайлы. Өйткені фрилансер ретінде жұмыс істеймін.
– Ендігі жолыңыз қалай болмақ? Кино саласында қаламын деп шештіңіз бе?
– Негізі кино саласы ұнап қалды. Бұған дейін киноны көрер­мен ретінде жақсы көрсем, осы жолы ішкі қыр-сырын терең біліп қалдым. Егер қызықты жобаларға шақырту болса, қатысармын. Бәрін уақыт көрсетеді. Коуч ретінде өзіме қызықты дүниені оқыдым. Бұл – өмірдің басқа да тетіктерін білуге көмектеседі. Бірақ оның бәрі – өзім үшін жасалған дүние.
– Танымалдық сезіле ме?
– Иә, сезіліп жатыр. Көшеде адамдар танып, су­рет­ке түсіп жатады. Арасында сұхбатқа да ша­қырады. Бірақ менің мақсатым – жұлдыз болу емес. Өзіме ұнайтын іспен айналысып, отбасыммен бақытты болу.
Сонымен, 27 қыркүйектен кино­театрларда көрсетілімін бас­тайтын «Томиристен» біз не түйдік? Фильмнің алғашқы көрсетілімі – орыс тілінде. Қазақша синхронды аударма жасалған. Қазақша дубляж неге жасалмады деген сұрақ көптің көкейінде кетті. Екіншіден, жердің түсі. Өте сүреңсіз. Жайқалған сұлу жер жоқтың қасы. Массагеттер зама­нында «көкорай шалғын бәйшешек» болмаған ба деген ойға қалдық. Сұрқы қашқан дала. Киноның соңындағы Томиристің «осындай жеріміздің бір сүйемін де жатқа бермейміз» деген ұраны сәл толықпай қалған секілді. Ұлы даланың тек сұрқай келбеті көрсетіледі. Әдемі ашық бояу жетіспейді. Мұны режиссердің бағзы заман бейнесін беру тәсілі деп қабылдағандар да бар... Үшін­ші­ден, кейіпкерлердің ойы­ны. Бұл фильм көрерменге жаңа бейнені алып шықты. Ол – Альмира Тұр­сын. Альмираның Томирисі өте шынайы, көрерменін сендіреді. Сұрша қыздың батыр кейпін әдемі бейнелепті. «Дұшпандар сақ әйелдерінен өлердей қорқатын. Өйткені олар ер-азаматтармен тең дәрежеде соғыс өнерін көрсетті» дейтін сипаттамаға толық сай келеді. Төртіншіден, «Томирис» филь­міндегі Арғұнның ролін ой­на­ған Әділ Ахметовтің об­разы. Әділ Ахметов – та­лантты актер. Режиссер фильмде Томирис пен Арғұнның махаббатын сәтті бергісі келсе, роль­ге Әділді емес, жаңа бейнені алып шығуы керек еді. Бір актердің об­ра­­зы келесі бір фильмде қай­­та­лана беруі – сәт­тілік емес. Бе­сін­­ші­­ден, жер­леу рә­сімі. Күйе­уі мен баласын жер қой­нына беру сә­тін­дегі Томиристің диа­ло­гі сәтті таңдалған. Үш баланы құрбандыққа шал­мақ болған бақсыны То­ми­рис тоқтатып: «Бұлар бізге осы әлемде керек», – дейді. Демек, сақ дәуіріндегі өркениеттің тым жабайы болмағанын осы эпи­зод арқылы нанымды бейнелеп отыр. Екі жарым сағатқа созылған кинода соғыс пен ұрыс көріністері жақ­сы сомдалған. Музыкалық жағынан көркемделуі де көңілге қо­нады. Сондай-ақ фильмдегі кө­не түркі және парсы тілі сол за­манның шынайы бейнесін беруге дәлірек жақын келеді.
«Томиристің жас кезіндегі бей­несін сомдаған екі жас қыздың ойындары көңілімізден шықты. Олардың бұл дебютін жақсы қабылдадық. Тұсаукесердің ба­сын­­да негізгі рольді сомдаған Аль­мира Тұрсынмен бірге екі қыз­ды да сахнаға шығарып, құрмет көрсеткенде дұрыс болатын еді», – дейді көрермендердің бірі.
Тұтас алғанда, тарихи туын­дыны экрандау ісі сәтті шыққан деу­ге болады. Әсіресе, оқиғаны баян­дауды өзіміздің әл-Фараби бабамыздың жазбасы арқылы беруі көрермендерге жақсы әсер етті. Туған тарихымыздың шежіресін жа­са­ған төл тұлғаларымызға деген құрметтің белгісі деп қабыл алдық.
P.S. «Тарихымыз тым жұтаң» деп жүрген бүгінгі замандастарымыз «Томирис» фильмі арқылы тарих қойнауына терең бойлай алады. Ең бастысы, бұл емес. Қазақ қыздарының түп анасы саналатын Тұмар ханшайымның жарқын бейнесі қайта тірілгендей. Өскелең ұрпақ мақтана көретін фильм жарыққа шықты. Бастысы сол!
27 қыркүйек 2019 ж. 1 662 0