Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дариға Назарбаева армян балаларының жағдайын білді

Дариға Назарбаева армян балаларының жағдайын білді

Ресми сапармен Арменияға барған сенат спикері Дариға НАЗАРБАЕВА Еревандағы Балалар онкологиясы және гематология орталығында болды. Бұл туралы "ЖАС АЛАШ" сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл орталыққа Дариға НҰРСҰЛТАНҚЫЗЫ Армения премьер-министрінің жұбайы Анна АКОПЯНМЕН бірге барды. Орталық 2018 жылдың шілде айында «Шаттық қаласы» қорының қолдауымен құрылған болатын. Онкологиялық және гематологиялық аурулармен сырқаттанған балалар мен жастарға көмек көрсететін қордың Қамқорлық кеңесіне Анна Акопян басшылық етеді.
Сенат басшысы балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті, орталықтың жабдықтарын көріп, жұмыс жағдайларымен танысты. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының делегациясы сол күні Ереван мемлекеттік университетінің жанындағы Қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығында болды. Орталық 2010 жылы екі мемлекет арасындағы екі жақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық мәдениетін дәріптеу мақсатында ашылған болатын.
Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай 2020 жылы Орталыққа қазақтың ұлы ақынының есімін беру жоспарланып отыр.
16 қараша 2019 ж. 887 0