Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: Аймақтық форум айшығы

Қызылорда: Аймақтық форум айшығы

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен  «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты Сыр имамдарының аймақтық форумы өтті.
Форумға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы Бақберген Досманбетов, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов арнайы шақырылып, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бастаған қала, аудан және ауыл имамдары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, облыстық дін саласындағы Ақпараттық түсіндірме топ мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы ҚМДБ бастамасымен көптеген игі істер жасалуда. Бүгінгі шара да соның бір парасы деп санаймыз. Бүгінде дін қызметкерлері жауапкершілігі мол имандылық қызметтерін абыроймен атқарып келе жатқанын қоғам жақсы сезініп келеді. Қазіргі таңда қоғамның құндылықтарын насихаттаған кезде ең алдымен бірлігімізді алдыңғы қатарға шығарамыз. Яғни, ұлы даланың құндылықтары мен ислам мәдениеті және өркениеті түйісіп үйлесуі бүгінгі күннің талабы болып отыр. Бұған мемлекет те, дін де тікелей жауапты, міндетті және парызы деп санаймыз» деді форумда облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.
Наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы өзінің баяндамасында ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының Рухани тұғырнамасы, «ҚМДБ атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі» құжаттарына кеңінен тоқталып, аталған құжаттардың бүгінгі қоғамдағы рөлін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, Серік Әбішұлы, Бақберген Сәрсенұлы және Бағдат Кәрібозұлы да сөз сөйлеп, ой-пікірлері мен тағылымды тұжырымдарын ортаға салды.
Жиын соңында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Болатбек Ұласқанұлы дін саласында елеулі қызмет етіп келе жатқан бірқатар имамдарды Қызылорда облысы әкімі орынбасарының алғыс хатымен марапаттады.
21 қараша 2019 ж. 1 644 0