Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурызды Иран қазақтары қалай тойлайды

Наурызды Иран қазақтары қалай тойлайды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Иранда Наурыз мейрамы Қазақстаннан кем тойланбайды. Ирандық қазақтар да Наурыз көже пісіріп, бидай сабағынан сүмелек атты тағам дайындайды. Осы және басқа да қызықтар туралы Ираннан тарихи отандарына оралған қандастарымыз айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Ирандағы ең үлкен мерекелер қатарына Құрбан ай пен Ораза айт жатады. Наурыз одан кейінгі орында. Наурыз мерекесінде елде бір апта демалыс жарияланады. Көшелерде жәрмеңкелер ұйымдастырылып, отшашулар атылады», - дейді Абдулла Қанағат.
Ирандағы қазақтар парсы тілін білуге міндетті, алайда олар өз үйлерінде тек қана ана тілдерінде сөйлейді. Сонымен бірге көптеген ұлттық салт-дәстүрлер сақталып қалған.
Мысалы «айттыру» салты сақталған. Ата-ана үйдегі ұлына қалыңдықты өзі таңдап береді.  Наурызда қазақ қыздары жігіттерге кестелі орамал сыйға тартады. Жігіттер де жауап ретінде қыздарға сыйлық ұсынуы керек.
«Шілдехана», «тұсау кесер», «сүндет той» ирандық қазақтарда жақсы сақталған. Алайда мұнда киіз үй тігіп, алтыбақан құрмайды. Ұлттық киімдер де киілмейді.
«Наурыз мерекесіне иран қазақтары міндетті түрде жаңа киім киіп шығуы тиіс. Ауылдарда Наурыз көже дайындалып, ет асылады. Маңайдағылар бір-біріне қонаққа барады. Одан кейінгі мерекелік астың бірі - сүмелек. Мейрамнан екі апта бұрын бидайдың дәнін егіп оның сабағынан сүмелек дайындалады. Содан соң дастарханға сән үшін ішінде балығы бар аквариум қойылады. Аквариум мен сүмелек иран халқынан алынған дәстүр»,-дейді  Абдолла Қанағат.
Иран қазақтары Наурызда бір-біріне «Әр күндерің жаңа болсын, әр жаңа күндерің жемісті болсын!» деген тілек айтады.

23 наурыз 2018 ж. 1 157 0