Табалдырықтан биік тау жоқ
Рысқұл Ойнаров 1947 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Көларық ауылында туған. Физика-математика ғылымының докторы, профессор, Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі. Еңбек жолын Арал қаласындағы №64 мектептің мұғалімі болып бастаған ол ҚазМУ-да оқытушы, Қазақстан Ғылым академиясының математикалық және механикалық институты мен Сейсмология институтында инженер, Математикалық және механикалық институтында аға инженер, ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті және Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ 60-тан астам ғылыми жарияланымның авторы.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
– Физика-математика ғылымы көп еңбекті талап етеді. Сондықтан ұзақ уақыт тынымсыз жұмыс істеуге тура келді. Сол еңбегімнің еленгені болар, көптеген марапатқа қол жеткіздім. Бірақ сол атақ- дәреженің барлығы бір төбе десем, «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы бір төбе. Туған жердің төсінде тұрып марапат алған үлкен бақыт. Себебі табалдырықтан биік тау жоқ, – деді оқушылармен кездесуде.
Кездесу өзінің балалық шағы өткен, ғылымға деген алғаш қызығушылығы мен талабы оянған Жақсылық кентіндегі №19 орта мектепте өтті. Бұл кездесуде кейіпкердің жоғарыда айтылған деректері ғана емес, өмірлік іс-тәжірибесі мен балалық шақтағы қызықтары айтылып, жиналған жұртшылық көңілденіп қалды.
– Оқушы кезден-ақ математика, физика, химия пәндерін қызығып оқыдым. Есеп шығарып, жауабын тапқанша көңілім тыншымайтын. Осы есептің пайдасы тиген сәттер көп болды. Сол қызыққа толы естеліктердің бірін айтып берейін. Әкем жұмыс бабымен ауылдан ауылға жиі барып, сол жерде қоныстайтын. Ол қайда болса, біз де сондамыз ғой. Көп ауылды көрдім. Әсіресе мектептегі демалыс кезінде сол ауылдың балаларымен бірге ойнау қызық болатын. Бірақ ер балалар біледі, – деп бір жымиып алып, – сырттан бала келсе құмның бетінде бір жұлысып, алысып алады. Кейде бірнешеуі жабылып соққының астына алады. Сондай жағдайда үйге қашудың «жоспарын» сызып қоятынмын. «Анау бұрышта тас жатыр. Соған дейін жеткізбей барып, тас лақтырып тоқтатамын, болмаса келесі жолдың жиегінде ағаш бар» деп үйге дейін есеппен жететінмін, – деді күліп.
Жерлестер ортасында емен-жарқын сұхбаттасқан Р.Ойнаров құдды бір балалық шағына тағы бір оралғандай болды. Ерке күннің естеліктерін ақтарған азамат жас буынға ақылын айтып, үлкенді сыйлауды және білімнің шығармас биігі жоғын өз өмірінен мысал келтіре отырып жеткізді.
– Оқу бітірген соң ауылға қайтып келдім. Қазақы тәрбиені көріп өскендіктен ата-ананы сыйлау біздің басты міндетіміз болды. Сөйтіп №64 мектепте мұғалім болдым. Бірде жұмыстан келсем, әкем: «Балам, келінім, сендерге өкпем жоқ. Жассыңдар, талаптарың оң болсын. Қалада жұмыс жасауларың керек» деп батасын беріп шығарып салды. Сөйтіп арман жетегінде жүріп Алматыға да келдік. Бірақ ғылымға отыздан асқанда ғана бет бұрдым. Ешкімнен кейін қалғаным жоқ. Себебі мақсат қойып, соған жетуді көздеу керек, – деді.
Кездесуде Жақсықылыш кентінің әкімі П.Берсүгіров, №19 орта мектептің директоры С.Махашова, ұстаздар қауымымен қатар Рысқұл ағамен бірге келген әріптес інісі Нұржан Боқаев пен жақын досы Сағындық Абениязов кездесудің кейіпкері жайлы әңгімелеп, оған лебізін білдірді.
Осы кездесу қарсаңында аталған мектептің 9-11 сынып оқушылары арасында математика пәнінен олимпиада өткізілген. Сол олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Рысқұл аға өз қолымен марапат қағаздарын табыстады. «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданушыларға көк галстук тақты.
Шара соңында Р.Ойнаровтың иығына шапан жауып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ №19 орта мектепте «Рысқұл Ойнаров кабинеті» ашылды.