Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Келімсек» көліктерге талап күшейеді

«Келімсек» көліктерге талап күшейеді

«Ас ішерде, көлік көшерде керек». Рас, қазіргі заманда көлігің болмаса қиын. Шаруа шешілмейтіндей көрінеді кейде. Сағаттық жерлерді минуттап, айшылық жерлерді күншілік уақытта-ақ жүріп өтіп жатқанымыз осы көліктің арқасы. Десе де ел билігін есеңгіретіп тұрған жайт көліктің көптігі емес, соның денінің тізімде жоқтығы. Бұл енді ащы да болса анық ақиқат. Себебі неде деген заңды сұрақ туындар болса, айтылар жауап та жоқ емес. Біз осы жайында тарқатпақпыз.
А. Қарасай
Қазіргі уақытта Қазақстан жеріне Одақ мүшелігіндегі елдердің көбінен көліктер ағылып келіп жатыр. Дені – Ресей, Армения, Белоруссия және Қырғызстан. Оған қоса көршілес Моңғолия мемлекетінен де әкелінген көліктер Қазақстан көшелерінде жүйткіп жүр екен. Тіпті өзіміздің ауданда да солай. Шыны керек, қазір көз салған үш көліктің бірі ресейлік немесе армениялық нөмірмен жүр. Кейде осындай көрсеткішке қарап «өзгенің қаңсығын таңсық көрдік-ау» дейміз ғой. Десе де біздегі ыршып тұрған қымбатшылықтан әлгі елдерде байқалатын арзаншылық асып тұрған секілді. Мұны көлікті киімше алмастырып, сәт сайын шекара асатын қандастарымыз да құптаса керек. Қарап тұрсаңыз шындығында солай. Айталық, сіздің отандық автоөндірушілердің шығарған көлігін тақымдауға шамаңыз жетеді. Бірақ салыстырмалы түрде қарайтын болсаңыз, дәл сол көліктің өзгелер құрастырған түрі сапалы әрі бағасы жағынан да арзаншылық байқалады. Қайсысын таңдар едіңіз? Әрине баға тиімділігіне қарай бүйрегіңіз бұрып тұратыны анық қой. Сол тұстарын тиімді көрген қандастарымыздың пікірі осыған саяды. Нәтижесінде қазіргі уақытта көптеген шетелдік нөмірлі көліктерді шекарадан өткізіп алды. Бір айыбы, сол тиімділікті құп көрген тізгіншілер бізде тіркеуде болмағандықтан білгенін істеп жүр. Нақтысы, айыппұл төлемейді не заңға бағынғысы жоқ. Бұл бассыздықтың салдары енді, міне, өзімізге таяқ болып тиіп жатқандай көрінеді. Енді не істемек керек? Осы сұраққа жауап таппай тосылған билік жақында ғана әлгі көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізуді жөн санапты. Талапқа сай келмегендері елден шығарылады немесе оның қағаз жүзіндегі иесіне белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады. Бұл бір жағынан дұрыс та сияқты. Себебі адамнан айла ауыспайтын қазіргі заманда кейбір «пысықайлар» шетелден көлік аларда алдымен сол елде таныс салып бір жерге тіркеуге тұрады екен. Нақты құжат жүзінде сол елдің уақытша азаматы атанған ол, ойындағы көлікті өз атына оңай рәсімдеп алады. Сөйтіп тіркеуден шығып, елге келе қояды. Осылайша ол нақты бір есепте тұрмағандықтан, бізде заты бар, аты жоқ болып есептеледі. Мұндай көлікке немесе оның иесіне тізімде болмағандықтан қолданар шара да мардымсыз болып тұр емес пе?! Айтпақшы, осындай олқылықтардың бірін қалпына келтіруге мүмкіндік туды бізде. Яғни осы жылдың 21 қазанынан бастап шетелдік көліктерді кімнің тізгіндеп жүргенін анықтауға мүмкіндік қарастырылып отыр. Демек уақыт өте келе заң да күшіне міне бермек. Енді мына бір дерекке қараңыз. Осы жылдың он айында шетелдік көлік иелері тарапынан Қазақстан қазынасына 900 млн теңге айыппұл төлеуі керек болса, соның 7 проценті ғана ел қазынасына түскен. Бұл шамамен 100 млн теңгеге жетер-жетпес қаржы десек, қалған 800 млн теңгеден астам айыппұл әлі күнге сол күйі қалып келеді. Ал аудандық деңгейде көрсеткішке келетін болсақ, жыл бойынша бүгінге дейін 46 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Айта кету керек, орын алған жол-көлік оқиғаларының бұл көрсеткіші жолаушылардың түрлі деңгейдегі ден жарақатын алуына әкеп соққан. Оның 17-сі қала ішінде болса, 14-і «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің аудан аумағында орын алған. Ал кенттер бойынша 10 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, елді мекендерде 5 жағдай тіркелген. Негізі, үлкен жолдың бойында сырттың көліктері көп жүреді ғой. Қаланың ішінде де мұндай санаттағы көлікер аз емес. Демек болып жатқан жол-көлік оқиғаларының жартысына әлгі шетелдік тіркеудегі көліктердің де қатысы бар деген сөз. Тіпті екінің бірі деуге болатын шығар. 2019 жылдың қазан айындағы дерек бойынша Қазақстанда 3 709 639 көлік тіркелген екен. Әрине аз емес. Ал оған тізімде жоқ көліктерді тағы қосыңыз. Сол тізімде жоқ темір тұлпарлардың тұс-тұсына кеткен тәртіпсіздігінің салдары қаншама тағдырды жалмап, қаншама қайғылы жағдайға душар етуде. Әрине апат айтып келмейді. Десе де өзім білемдікке салынып, жауапкершіліктен жалтарып жүргендер әлгіндей жағдайларға тікелей себепкер болып жатыр. Мәселен, 2018 жылы шетелдік нөмірдегі көліктердің қатысуымен елімізде 42 мың жол-көлік оқиғасы тіркелсе, бұл көрсеткіш жыл аяқталмай жатып екі есеге жуықтаған. Яғни 73 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 314 адам түрлі дене жарақатын алса, алпысқа жуық адамның демі түгесіліпті. Міне, мұның барлығы жөн білемін деп жанталасқан жүргізушілердің жауапсыздығынан болып отыр. Иә, өзгенің көлігін қызыға алып, тіпті оның елге келгеннен кейінгі жағдайды жөнге келмей жатқандары жоқ емес. Соған дәлел болатын бейнежазба жүр желілерде. Яғни көршілес елден әкелген қымбат көліктің ұрлық екені расталып жатыр. Шанақ және қозғалтқыш нөмірлері іздеуде жүрген көлікпен сәйкес келген әлгі автокөлік иесінің ендігі жағдайы белгісіз. Қалай болғанда, ол заң шеңберінде шекара асып, өз иесіне қайтарылуы керек. Бұл жерде қымбатшылықтан қашып, арзанға ұмтылған әлгі азаматтың жағдайы қалай болатыны белгісіз. Бар білеріміз, арзанға ұмтыламын деп ұрынып қалғандардың саны мұнымен шектелмеуі мүмкін. Дұрысы, барлығы заң аясында шешілген істің қайыры болады. Шетелдік көліктерге қызығатындар ендігі жерде осыны ескерсе екен дейміз.
21 желтоқсан 2019 ж. 666 0