Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділет министрі елімізде қарыз өтеудің жаңа мүмкіндіктері туралы айтты

Әділет министрі елімізде қарыз өтеудің жаңа мүмкіндіктері туралы айтты

Сатылуда тұрған тыйым салынған мүлік туралы мәлімет тек электронды сату алаңында ғана емес, мүлік сатуға арналған интернет-ресурстарда орналастырылады.
Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.
«Автоматтандырудың тағы бір артықшылығы – енді сот орындаушы өзінің жеке виртуалды кабинеті арқылы барлық атқарушылық әрекеттерді жасай алады. Бұл мемлекеттік органдардың 58 ақпараттық жүйесімен біріктіру нәтижесінде мүмкін болды», - деді М. Бекетаев Парламент Мәжілісіндегі Үкмет сағатында.
Осы орайда Бас прокуратураның - «Құқық қорғау және арнайы органдардың ақпараттық алмасу жүйесі»; Жоғарғы Соттың - «Төрелік» жүйесі; Ұлттық қауіпсіздік комитетінің - «Бүркіт» жүйесі; Ішкі істер министрлігінің - «Бақылау» жүйесі; Қаржы министрлігінің - «Электрондық мемлекеттік сатып алу» жүйесі; Цифрлық даму министрлігінің - «Е-gov» порталы қамтылған.
«Сонымен қатар, бірқатар екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен біріктіру жүргізілді, яғни жиырма жеті банктен он төрт банк. Халыққа ыңғайлы болуы үшін жүйеде кассалық қызметтер мен «Қазпошта», «Kaspi Bank» терминалдары арқылы қарыз төлеу мүмкіндігі ұсынылды. Елімізде екі жүзден астам терминал орнатылды. Аталған қызметті шамамен жүз миллион теңге сомасына төрт мыңнан астам борышкер пайдаланды. Бұған қоса, берешекті post.kz және kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады. Бүгінде алпыс тоғыз мың борышкер бір миллиард теңгеден астам сомадағы қарызын осы қосымшалар арқылы төлеген. Халыққа бұл ыңғайлы және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Барлық банктерді осындай қызметтерді ұйымдастыруға шақырамын», - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, келешекте азаматтарға бұрынғыдай сот орындаушыға төлем туралы түбіртекті көрсетудің еш қажеті болмайды. Төлемді онлайн жүзеге асырғаннан кейін барлық шектеулер, соның ішінде елден сыртқа шығуға шектеу автоматты түрде шешіледі. Халыққа борышкерлердің бірыңғай тізіміне және шығуға шектеу тізіміне қолжетімділік қамтамасыз етілген. Өзара байланыс үшін атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинеті жұмыс істейді. Азаматтар мен заңды тұлғаларды олардың міндеттемелері туралы уақытылы әрі тиімді хабарландыру үшін «СМС–хабарлама» сервисі құрылды.
«Енді мобильді телефон нөмерлеріне істі қозғау және процессуалдық әрекеттер туралы СМС-тер келіп түседі. Демек, хабарламаны уақытылы алып тұру үшін нөмірлер мен мобильді телефонның тіркеуден өтуі қажет екенін ескерген жөн. Бұған қоса, бүгін сатылуда тұрған тыйым салынған мүлік туралы мәлімет тек электронды сату алаңында ғана емес, мүлік сатуға арналған интернет-ресурстарда орналастырылады. Бұл сатып алушылар санын көбейтеді», - деді Марат Бекетаев.
23 желтоқсан 2019 ж. 422 0