Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аниматорлық кеш

Аниматорлық кеш

Жаңа жыл – бала қиялына қанат бітіретін ерекше мереке. Бұл мерекеде бүлдіршіндер қуанышка кенеледі. Тәтті сыйлық, мерекелік кешті айтпағанда, балалар қиялына қанат бітірген ертегі елінің кейіпкерлерімен қауышады. Болашағымыз балаларға шаттық сыйлау үшін «Той думан» орталығы Арал қаласында алғаш рет аниматорлық кеш ұйымдастырды. Аталмыш кеш ерекше сән салтанатымен өрнектеліп, балаларға шаттық сыйлады.
 
Мерекеге сай безендірілген орталық. Қызыл-жасыл шамдар. Бұл мерекелік кеш өзгеше басталды. Алдымен жиналған балалар шеңбер жасап қаз-қатар тізіліп, ортаға шыққан сайқымызақтар оларды күлдіріп, түрлі қойылым жасады. Мұнан соң қуыршақтар мен қонжық кейпіндегі аниматорлар ортаға шығып балаларды билетіп, тақпақ айтқызып мерекенің көркін қыздыра түсті.
– Бұл кешті ұйымдастырудағы басты себеп – балаларға өзгеше мереке сыйлау. Олар нені жақсы көреді, қандай мультфильмдер тамашалайды осының бәрі жан-жақты зерттеп әуенді де, әнді де соған сай дайындадық. Бұл шара балабақшаға бармайтын, мектепке жасы жетпеген балаларға тиімді. Біз алдын ала билеттер таратық. Бір қызығы, алғаш рет ұйымдастырылып отырса да, аралдық ата-аналардың белсенділігі жоғары болды, – дейді «Той думан» орталығының басшысы Жаңагүл.
Кештің көркін Аяз-ата мен ақшақар қыздыра түсті. Бүлдіршіндер көптен күткен кейіпкерлерін көргенде шаттанып сала берді. Олар да балаларға тәтті кәмпит таратып, қуанышын еселей түсті.
– Мен осы кешке 3 немеремді алып келдім. Олар шын мәніндегі Жаңа жылды сезінді. Ойындар ойнады, әндерін айтты. Мұндай шаралар балаларға өте қажет. Өзіміз де баламен бірге ойнап, серігіп, серпіліп қалдық. Осындай тамаша кеш ұйымдастырып отырған жастарға алғыс айтамын, – дейді Шәрбану Баймұратова апа.
Қиял ғажайып әлеміне бір сәт саяхат жасап қайтқан балалар мерекелік кеш соңында  бір-біріне тілек айтып, естелік суретке түсті.
Назерке Бақыран
02 қаңтар 2020 ж. 730 0