Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тар мектеп, спорт кешені мен газдың жоқтығы: Жақсықылыштағы бұл мәселелер қашан шешіледі

Тар мектеп, спорт кешені мен газдың жоқтығы: Жақсықылыштағы бұл мәселелер қашан шешіледі

Мектеп тар, спорт кешені жоқ, газ тартылады ма?
Арал ауданындағы Жақсықылыш елді мекенінің тұрғындары ең өзекті осы 3 мәселенің шешімі табылса дейді, деп хабарлайды  24.kz.
Әкіммен кездесуде көтерілген түйткілдердің түйіні қашан, қалай тарқайды?
Арал ауданындағы Жақсықылыш кентінде 5 мыңнан астам тұрғын бар. Соңғы жылдары елді мекен халқының саны артып келеді дейді ауылдықтар. Кенттегі №19 мектеп 600 орынға лайықталған. Алайда айтулы білім ұясының оқушылар саны 1 мың 200-ге жетіпті. Оның үстіне кезінде бұл мектеп ауылдың шет жағына салынғандықтан, оқушылардың қатынау мәселесі де туындап тұр.
    Айбек Мұқашов, Жақсықылыш кентінің тұрғыны:
– Келешекте жаңа мектеп салынса немесе қосымша ғимарат салынса деген ойдамын. Және жол тасымалына балаларға қосымша тағы көлік берсе деген ойдамыз.

Жақсықылыштың 300-дей өрені 90 жылдық тарихы бар тұз зауытының ескі спорт залында жаттығып жүр. Дегенмен жастар жағы ауылдан заманауи спорт кешені салынғанын қалайды.
  Ыбырай Оспанов, спорт нұсқаушысы:
– Басқа аймақтарға, аудандарға салынып жатқандай, жоғары деңгейде қамтылса дейміз. Боксы бөлік, күресі бөлек, волейбол залы, футбол залы соған сәйкес келсе деп ойлаймыз.
Жақсықылыштықтар елді мекен іргесінен өтіп жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының да игілігін көргісі келеді. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 558 миллион теңге бөлініп, көгілдір отын тарту жұмыстарының 90 проценті аяқталған. Ал қалған мәселелер «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шешімін табады дейді аудан басшылығы.
Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:
– Биылдың өзінде 760 млн теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикаға ұсыныс берілді. Қазір ірі 3 жоба қолдау тауып отыр. Ол Жақсықылыш кентіндегі мектепке қосымша 100 орынды құрылыс салу. Жақсықылыш кентінен спорттық кешен салу, кенттегі ауылішілік көшелерді жөндеу, асфальттау жұмыстары, сосын жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз деп отырмыз.
Жалпы Арал ауданындағы шалғай ауылдарда жол, ауыз су, сапалы интернет және ұялы телефон байланысы өзекті. Аудан, ауыл әкімдерінің есепті кездесулерінде көтерілген мәселелер кешенді шаралар жоспарына енгізілген дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байдулдаев
22 қаңтар 2020 ж. 726 0