Аудан әкімі жұқпалы аурулар бөлімшесінде болды

Аталған орталықтарды аралаған аудан басшысы тиісті сала басшылары мен жауапты мамандарға қажетті құрылғылардың болуы және қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуы қажет екендігі жөнінде тапсырмалар жүктеді.
Одан соң аудан басшысы бірнеше дәріханаларда болып, вирустан қорғануға арналған медициналық маскалар мен бетперделердің сатылу бағасын қадағалады.
Қазіргі таңда бетперделерге тапшылық орын алмауы үшін аудан көлемінде орналасқан тігін шеберханалары мен дәріхана иелері арасында келісім жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкер И.Жұмашеваның, А.Келжанованың және С.Ибраеваның тігін шеберханаларында бетперделер тігіліп, дәріханалардың сұранысына сәйкес жөнелтілуде. Дәріханаларда бетперденің 1 данасы 90 теңгеден сатылуда.
Сонымен қатар, аудан әкімі орталық базардағы ет өнімдері сатылатын орындарды аралап, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрғындар көп тұтынатын, ауданнан шығатын ет бағасын негізсіз өсірмеуді базар басшылығы мен сатушыларға ескертті. Сондай-ақ, төтенше жағдай уақытындағы мемлекет басшысының және облыс әкімінің тапсырмаларын кәсіпкерлердің назарына жеткізді.