Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақылау бекеті орналастырылды

Бақылау бекеті орналастырылды

Қазіргі таңда елімізде короновирус індетінің таралуына байланысты сақтық шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде. Бүгін Ақтөбе облысы мен Қызылорда облысының шекаралас аймағында «Самара-Шымкент» автожолының 1279 шақырымында бақылау бекеті орналастырылды. Бақылау бекетінде Қызылорда,Түркістан, Жамбыл облыстарына қарай бағыт алған автокөліктердегі жолаушылар мен жүргізушілер медициналық тексерістен өткізілуде.Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бақылау бекетінде болып, жұмыс барысымен танысты. Аудан басшысы тексеру шараларын жүргізіп жатқан қызметкерлердің тамақтанатын және жатын орындарын аралап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұл бекетте алдымен азаматтардың дене қызуы арнайы теплолазер аппаратымен өлшенеді және қажет болған жағдайда өзге де медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Одан соң жолаушылардың бағыты және жақын арада өзге аймақтарда болғандығын анықтайды.
Аталған бекетте аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасынан 2 қызметкер, денсаулық сақтау мекемесінен 2 қызметкер және полиция қызметкерлерінен 4 адам тәуліктік кезектілікпен жұмыс жасауда.
Қызметкерлер тамақтанатын, жатын орынмен, азық-түлікпен және тексеруге қажетті барлық заттармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жедел жәрдем, жол полициясы қызметкерлерінің автокөлігі, жол белгілері мен қоршаулар қойылған.
Қазіргі уақытта бақылау бекетінен 112 автокөлік, 512 жолаушы тексерістен өткізілді. Жолаушылар арасында көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елінің азаматтары да бар. Автокөліктердің басым көпшілігі жүк көліктері.
Арал ауданы әкімінің баспасөзқызметі.
23 наурыз 2020 ж. 613 0