Үйден шықпай көлікті қалай сатып алуға және тіркеуге болады?
Көлікті енді үйден шықпай-ақ сатып алуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Отандық темір тұлпарларды автосалоннан онлайн рәсімдеп, тиісті органга тіркейтін мүмкіндік туды. Бұл жаңашылдық қалай жүзеге асады? Ол үшін кімге жүгініп, қандай сайтқа кіру керек?
Иә, жаңа көлікті енді онлайн алуға болады. Бұрынғыдай автосалонға барудың қажеті жоқ. Жаңа қызметке жүгініп, үйінде отырып темір тұлпар алып жатқандар бар. Мұндай жаңашылдық жуырда пайда болды.
«Біз санаулы уақытта онлайн қызмет көрсетуге көштік. Алдымен сатып алушы үйінде отырып, автосалондағы кеңесшімен сөйлесе алады. Кейін өзіне керек темір тұлпарды таңдайды. Тіпті ақшасын да онлайн төлей алады»,- дейді Astana Motors компаниясының нұр-сұлтан қаласы бойынша аймақтық директоры Айжан Түлемісова.
Тек сатып алу емес, көлікті ішкі істер органдарына да қашықтан тіркеуге болады. Үйден шықпайсыз. Бәрі онлайн. Автосалон кеңесшілері құжаттарды уәкілетті органга өздері жібереді.
«Ол үшін автосалонның қызметкері электронды үкімет порталындағы біздің электронды қызметке кіріп, автокөліктің вин кодын теру арқылы оның мемлекеттік кіріс департаментінің сервисі арқылы мәліметтерін алып, әрі қарай сатып алушының ЖСН нөмірін теру арқылы рәсімдей алады»,- деді Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ басқармасының бас инженер-бағдарламашысы Медет Сағыналиев.
Мұндай жаңашылдықпен яғни онлайн үлгіде тек отандық жаңа көліктерді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден әкелінген темір тұлпарларды сатып алып, тіркеуге болады. Атап өтейік, техникаларды онлайн рәсімдеу жобасын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ішкі істер органы мен ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамы бірлесіп жасаған.
https://syr-media.kz/news/