Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19: Қызылордада соңғы тәулікте 6 медицина қызметкері індет жұқтырған

COVID-19: Қызылордада соңғы тәулікте 6 медицина қызметкері індет жұқтырған

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған науқастар саны 179 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 9 жағдайдың мән-жайын бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 179 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 9 жағдай анықталды. Оның ішінде, сегізі – Қызылорда қаласынан, біреуі – Тараз қаласының тұрғыны. Қызылорда қаласында анықталған науқастардың алтауы – медицина саласының қызметкерлері. Олардың ішінде, 1 дәрігер, 2 көлік жүргізуші, 1 техникалық қызметкер, қалған екеуі – медбикелер. Олар инфекцияны скринингтік тексеруден өткізу барысында жұқтырған. Бір науқас қарым-қатынаста болғандардың арасынан анықталса, біреуі – правизорлық емханада бақылауға алынғандардың арасынан тіркелді», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 179 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2449. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1291, потенциалды байланыста болғандар – 1158 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 101, правизорлық стационарда – 49, карантиндік стационарда – 341 адам бақылауда.
Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 947 тест сынамасы жасалыпты.
«Соңғы тәулікте 947 тест сынамасы жасалды. Оның 651 – теріс мәнді болып шықты. Тоғызынан коронавирустық инфекция анықталды. Ал, 234 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 6500 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.
йта кетейік, бүгін Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың саны 179 адамға жеткенін хабарлаған болатынбыз.
Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 46, Аралда – 4, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 5, Сырдарияда – 26, Шиеліде – 66, Жаңақорған ауданында – 30 жағдай тіркеліп отыр.
26 сәуір 2020 ж. 612 0