Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «5-10-20»: Жаңа бағдарламаға кімдер қатыса алады?

«5-10-20»: Жаңа бағдарламаға кімдер қатыса алады?

Баспанаға мұқтаж азаматтар енді «5-10-20» пилоттық жобасы аясында тұрғын үйге қол жеткізе алады. Иә, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде «5-10-20» пилоттық жобасын іске қоспақ. Ипотекалық бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тө­тен­ше жағдай режимін қамта­ма­сыз ету жөніндегі мемлекеттік ­комис­сияның отырысында тұрғын үй мәселесін шешу үшін жаңа «5-10-20» ипотекалық несие беру бағдарламасын іске асыруды тапсырған болатын. Іске қосылатын жобаның шарттары әлі де талқылану үстінде, десе де ұсыныстар тұрғындар үшін айтарлықтай қолайлы.
Бағдарлама талаптарына келсек, ең бастысы үй алғысы келетін адамның атында баспана болмауы керек. Сондай-ақ, баспанаға мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұруы қажет. Несие мөлшерлемесі 5 процентті, бастапқы төленетін жарна 10 процентті құрайтын, несиелендіру, яғни қарызды өтеу мерзімі 20 жылға арналған ипотекалық бағдарлама бойынша баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында са­лынған жаңа тұрғын үй кешен­дерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.
Бүгінде жобаның шарттары талқылану үстінде. Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, ең жоғары заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша облыс тұрғындары үшін 12 млн теңгеден аспайды. Сондай-ақ әкімдік тарапынан салынған баспаналар 1 шаршы метр үшін бағасы 160 мың теңгеге дейін болады деп жоспарлануда.
Президент бағдарламадан бөлек «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» негізінде «Отбасы банкін» құруды тапсырған болатын. Енді тұрғын үйге кезекте тұрғандардың тізімі бұған дейін әкімдіктерде болса, енді бұл құзыретті жаңадан құрылатын «Отбасы банкіне» беру жоспарланған.
– Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі базасында жыл соңына дейін даму және қолдаудың «Отбасы банкі» атты толыққанды институты құрылады. Ол есепке алу, тір­кеу және тұрғын үйді бөлуді бір ор­талықтан атқаратын болады. Аталған міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкке» беру жоспарланып отыр. Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет ұсынады, – деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Әділжан Саулебаев.
Айта кету керек, Қызыл­орда облысы республика бойынша тұрғын үйді салу, пайдалануға беру көрсеткішінде алдыңғы қатарда. Деректерге сүйенсек, соң­ғы 5 жылда тұрғын үйді пайда­лануға беру көрсеткіші екі есеге артқан. Облыс орталығы – Қызылордада 14 шағын аудан бой көтерсе, 8 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болып, 3 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілген.
Алдағы уақытта да құры­лыс сала­сындағы қарқын бәсең­де­мей­тіні анық. қазіргі уақытта облыс­та әлеуметтік жағынан осал топтарды тұрғын үймен қам­тамасыз ету басты мақсат болып отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «5-10-20» қолжетімді несие­лік баспанасымен қамта­масыз ету бойынша жаңа жо­баны іске асыру үшін облыс әкімі өңірге барынша көбірек қаржы тарту мәсе­лесі министрліктермен пысық­талатынын айтқан болатын.
«Біз 1630 пәтерлік 20 жал­ға берілетін үй салуды бастаймыз, оның ішінде 698 пәтерлік 15 үйді ағымдағы жылы пайдалануға береміз. Нәтижесінде, 431 көп­балалы және 267 осал топтағы отбасы жаңа пәтерге қол жеткізеді. Тағы 910 отбасы ипотекалық баспана ала алады. Белгілі болғандай, жақында елімізде экономикалық өсімді қал­пына келтіру бойынша кешенді жос­пар бекітіледі. Осындай жоспар бізде де жасалады» деген болатын облыс басшысы.
21 мамыр 2020 ж. 809 0