Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениет, спорт саласындағы мұғалімдердің жалақысы екі есе өседі

Мәдениет, спорт саласындағы мұғалімдердің жалақысы екі есе өседі

2023 жылға дейін мәдениет және спорт саласындағы мектеп пен колледж педагогтерінің жалақысы жыл сайын 25 пайызға ұлғайып отырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мәдениет және спорт қызметкерлерінің әл-ауқатын арттыру – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, ол орта есеппен алғанда 96 мыңнан 139 мың теңгеге дейін, өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мыңнан 126 мың теңгеге дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Министр сондай-ақ, 2020 жылдың басынан бастап кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлем беріле бастағанын жеткізді.
«Бұдан басқа, Қазақстандағы әдебиет және өнер қайраткерлеріне, талантты жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында берілетін Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Жыл сайын ғылым, мәдениет және өнер саласындағы дарынды жастар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры премиясының лауреаты атанып келеді. Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына лауазымдық жалақыларының мөлшеріне 1,75 коэффициенті сақталған», – деді ол.
Сонымен бірге министрдің айтуынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп және колледж педагогтерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25 пайызға ұлғайып отырады. Нақтырақ айтқанда ол еңбекақы 2020 жылы 25 пайызға, 2021 жылы 50 пайызға, 2022 жылы-75 пайызға, 2023 жылы-100 пайызға өседі.
05 маусым 2020 ж. 1 001 0