Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектеп мақтанышы

Мектеп мақтанышы

Тағы бір буын алтын ұясынан қанат қақты. Өмір атты белестің тағы бір биігіне ұмтылды. Қимас сезім, сағынышты сәт... Олар өмірден өз еншілерін алуға, ел қабырғасына кірпіш боп қалануға жолдама алды. Тағы да сәттілік, жас достар дейміз!
Аудан бойынша биыл 784 түлек мектепті бітіріп отыр. Олардың арасынан 11 жыл бойы үздік оқып, түрлі білім бәйгесінде жұлдызы жарқыраған 63 оқушы «Алтын белгі» иеленді. Ал 11 түлектің білімі «Үздік аттестатпен» бағаланды. Биыл 579 түлек Ұлттық бірыңғай тестке қатысып, білімдерін сынауға тілек білдірді.
Тағылымды тарихы бар біздің  білім ордасынан биыл көптен күткен «Алтын белгі» иегері шықты. Бұл, әрине, оқушының еңбегі, ізденісі. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен  11 сыныпқа дейін үздік оқып, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі сайыстарда топ жарған мектептің мақтанышы, талапты жас – Әсия Әуесхан.
Мектепте жиырма тоғыз жылдан бері мұндай «Алтын белгі» алған оқушы болмаған. Бұл жетістік – мектеп мұғалімдерінің еңбегі, көрсеткіші. Әсия кішкентай кезінен бастап оқуға өте ынталы, зерек, шығармашылық қабілеті жоғары, поэзияға бейім болып өсті. Отбасында атасы Әуесхан мен әжесі Жаңалықтың алғашқы немересі, сол кісілердің тәрбиесімен үлгілі де сауатты оқушы болды. Аудандық, облыстық, халықаралық пәндік, ғылыми жобалардың бірнеше мәрте жеңімпазы болды. Ендігі мақсаты –  қалаған мамандығының адал иесі болу. Арманы – өзіне білім берген ұстаздары сияқты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу. Мақсаты биік, арманы асқақ Әсияға талабың оң болсын деп тілек білдіреміз.

Бағила ЕСЕНБАЕВА,
№81орта мектеп директоры
Қызылжар ауылы
06 маусым 2020 ж. 1 484 0