Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетілдіруге мүмкіндік бар

Жетілдіруге мүмкіндік бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еріктілер жылында» қазақстандықтардың адамдарға шын ниетімен көмектесіп, оны науқанға айналдырмау қажетін баса айтқан еді. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет және басқа да салаларда 7 жалпыұлттық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Әр ауыл мен аймақ мұндай маңызды жұмыстан тыс қалмаған. Тіпті «Мен көмектесіп жатырмын» деп айтпай-ақ, қаншама адамға қолынан келер жақсылығын жасап жатқан жандар да көп-ақ. Олардың қатарында аралдық азаматтар да бар, әрине. Сондай-ақ жергілікті деңгейде бірқатар шаралар да қарастырылған.
Қоғамдағы осы бір игі бастаманы құқықтық тұрғыда реттеу, еріктілердің мәртебесін, құқығы мен міндеттерін және мемлекеттік қолдау шараларын бекіткен «Волонтерлік қызмет туралы» арнайы заң елімізде  2016 жылдың  соңында  қабылданды.  Құжат еліміздегі волонтерлік қызметтің тұтас жүйесінің қызметіне құқықтық негіз қалау, волонтерлік қызметті жүзеге асыратын институттар мен ұйымдардың құрылымын, жұмыс істеу тетіктерін құру мақсатында әзірленген. Заң жобасының бекітілуі бұл саладағы ауыз толтырарлық жетістік еді. Себебі қандай да бір заң қабылдануы үшін ол ұзақ дайындалатыны белгілі. Дегенмен аталған құжатта көп жағдаяттар анықталмай, еріктілер ісіндегі кейбір мәселелер реттелмей қалған. Айталық, волонтер мәртебесі, олардың еңбегі қалай есептелетіні немесе оларға Үкіметтің қолдау көрсету әдістері айшықталмаған. Мысалы, Украинада халықтың 8 пайызы волонтерлік жұмыспен айналысады екен. Бұған сол елде 2011 жылы қабылданған «Волонтерлік қызмет туралы» заң әсер еткен. Соған орай, заң аясында еріктілер қоғамы дербес дамиды әрі ерікті не болмаса еріктілікпен айналысатын орталық волонтерлік бағытты, уақытты, көмек түрі мен көлемін өздері таңдауға құқылы.
Биылғы «Еріктілер жылында» жалпы еріктілер жұмысына деген қызығушылықты арттыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Әлеуметтік студенттік несие» атты жобасы басталды. Жоба бойынша студент жастарға волонтерлік қызметтің әр сағаты үшін 1000 теңгеден төленеді. Олар осы соманы оқу қажеттілігіне жұмсап, базалық шығындарын өтей алады. Сондай-ақ волонтерлік қызмет мерзімін еңбек кітапшасына енгізу жұмысы да пысықталу үстінде.
Осындай жаңалықтармен қатар, жыл соңына дейін «Волонтерлік қызмет туралы» заң жобасын одан әрі жетілдіруге жақсы мүмкіндік бар. Құжатта еріктілер қызметінің міндеті мен мақсаты, волонтерлік қызмет саласында туындайтын қоғамдық қатынастар жүйесін айқындаудағы әрекеттер және өзге де заңдылықтар нақты көрсетілсе, жүйелі жұмыс өз нәтижесін береді.
 
Г.СМАҒҰЛОВА,
ауданаралық әділет басқармасының бас маманы
07 маусым 2020 ж. 676 0