Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ» АЯСЫНДА 16 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

АРАЛДА «ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ» АЯСЫНДА 16 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов жұмыс сапарымен Арал ауданында болды. Сапар барысында «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Ауданда жуық арада жасалуы тиіс жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 16 жоба жүзеге асырылмақ. Оның 6-уы аудан арқылы, қалған 10 жоба облыстық басқармалар тарапынан жүргізілетін болады. Аталған жобаларға жалпы құны 2,9 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары аудан орталығындағы бірқатар нысандарында болып, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылап, қаланың абаттандыру жұмыстарымен танысты. Соның ішінде, Арал қаласындағы көше жолдарын орташа жөндеу жобасы аясында Жылқаман батыр көшесінде жүргізіліп жатырған жұмыстарға және Абай көшесінің абаттандыру жұмыстарына куә болып, құрылыс басындағы жұмысшылармен пікір алмасты.
Мұнан соң, аудан әкімдігінің мәжіліс залында аталған мемлекеттік бағдарламаның аудан көлемінде іске асырылуы бойынша өткізілген жиынға қатысты. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Рүстем Өтешов жұмыспен қамту жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тарқатып өтті. Белгілі болғандай, қазіргі таңда аудан арқылы жүзеге асырылатын 6 жобаның жеңімпаздары анықталып, 169 бос жұмыс орындары базалық жүйеге қажетті мамандықтар бойынша жарияланып, 85 адам жұмысқа жолданып үлгерген. Ал, облыс арқылы жүзеге асырылатын 10 жобаның бүгінде 8-нің жеңімпаздары анықталып отыр. Жалпы жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде іске асырылатын жобаларға барлығы 608 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жобалар жол картасының шарттары негізінде бекітілген мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібіне сәйкес жүзеге асырылуда.
Осылайша ауданда қолға алынған жобалардың барысымен толыққанды танысқан облыс әкімінің орынбасары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты тұрғындарды жұмысқа тарту екендігін кеңінен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, бұл мәселе облыс әкімдігінің күн тәртібінде апта сайын қаралып, пысықталатынын ерекше атап өтті. Сондықтан бұл жұмыстарға аса жауапкершілікпен қарап, жұмыстардың сапалы орындалуын және уақытылы тапсырылуын басты назарда ұстау қажеттігін ескертті.
Айта кету керек, жұмыс сапары барысында Наурызбай Байқадамов аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ҰБТ шарасы өткізілетін аудан орталығындағы №14, №62 мектеп-лицейлерінде және №262 мектеп-гимназисында болып, білім ошақтарындағы алдағы маңызды шараға дайындық жұмыстарын бақылап, барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Сапар соңында аудандық оқушалар үйінің жаңа құрылысының жүргізілу барысын қадағалап, апатты жағдайдағы №71 мектептің жағдайымен таныса келе аталған білім ордасының мәселесін шешу бағытында жұмыстар жасалатындығын жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
09 маусым 2020 ж. 844 0