Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлназ САРБӨПЕЕВА провизорлық стационардың аға мейірбикесі:«Жанға батса да, босаңсуға хақымыз жоқ»

Гүлназ САРБӨПЕЕВА провизорлық стационардың аға мейірбикесі:«Жанға батса да, босаңсуға хақымыз жоқ»

Алғашқыда медициналық «ақ сауыт» киіп, инфекция жұқтырғандардың арасына кіреміз деген тәуекеліміз болған. Дәлірек айтқанда, коронавирусқа анализ алынып, уақытша жабық алаңда жатқандарға жолыққымыз келеді. Барлығын өз көзімізбен көргіміз келді. Алайда аға мейірбике ат-тонын ала қашты. «Бізде де, сендерде бас екеу емес». Аға мейірбикенің жауабы осы. Қорытындысы әлі келген жоқ, бәлкім, араларында вирус жұқтырғандар бар шығар. Скафандра киіп кірген күннің өзінде, шыққан соң оны шешу тәртібін білмейміз. Сәл ғана дұрыс емес әрекет індеттің құрығына іліндіріп жіберуі мүмкін. Теріде қалған тамшының мыңнан бір бөлшегі өмірімізге қауіп төндіруі әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ақ халаттылардан рұқсат болмады, бізді де үрей басты. Ақыры аудандық провизорлық стационардың екінші қабатына рұқсат болмаған соң, үшінші қабаттағы пневмониядан емделіп жатқандардың бөлмесіне ендік.
М.ҚҰРМАНӘЛІ

...Аурухана іші қандай суық, тәнді емес, жаныңды тоңдырады. Алайда емделушілерге елжірей қараған абзал жандардың жылы жүзіне жылынасың. Халатқа оранып, ауызды тұмшалап, ұзын коридормен ілбіп келеміз. Жанымызда әлгінде айтқан аға мейірбикеміз Гүлназ Сарбөпеева. Осы провизорлық стационарға жауапты маман. Неге көпше түрде сөйлеп келе жатыр деп ойлап отырған боларсыз, редакциядан жалғыз емеспін. Оңталап Жолдасов камера асынып қасымда келеді, жағдайды суретпен сөйлету үшін. Коридорда әрі-бері жүгірген мамандар, бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Дегенмен қазір мұндағы жағдай біраз саябырсыған. Өткендегі өршіп кеткен кез ше? Тұмша киім, тынымсыз қоңырау. Сағат сайын науқас түсіп, минут сайын тексеріс жүріп жатыр. Ал әр секунд – бір жұтым ауа. Осындай қарусыз майданды мұндағы ақ халаттылар бұрын көрген жоқ. Алайда басты тәуекелге тігіп, антқа адалдық танытып келеді.

«Ауруханаға ауа сұрап келдік...»
Аға мейірбике бізді науқастар жатқан бөлмеге кіргізді. Жатқанына он күннен асқан пациенттердің бүгінде жағдайы біраз дұрысталыпты. Алғашқыда қос өкпе ауызға тығылып, ауа жетпей, оттегіне тәуелді боп келген олар дәрігердің көмегінен соң беті бері қараған. Алайда толық айықты деуге келмейді, әлі де бақылау қажет. Оларды сөйлетуге тырыстық, пікірін білгіміз келді. Бар мақсатымыз басына түскен қиындықтары арқылы өзгелерге ескерту жасаса, дедік. Балтыры сыздамаған сау кездің қадірін білсін бе?! Ал басына түскендер бұл қиындықты ашына айтады.– Ең алдымен Құдайға тәубе, сосын мына ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамын. Біз ауруханаға ауа сұрап келдік десек те болады. Қазір мұнда жатқаныма 12 күн. Оттегі жетпей қиналғанда көз алдымыздан өміріміз өтіп кетті. Қадірін білгенге денсаулықтан артық ештеңе жоқ екен. Алайда дәрігерлерге денсаулық керек емес дейсіз бе, олар да вирус жұқтыруы мүмкін ғой. Бірақ басын бәйгеге тігіп, алдына келген науқастың ертеңіне үміт сыйлап, талайдың өмірін арашалап алды, – деді жасы жетпістен асқан емделуші Әбдінағим Бектұрғанов.
...Елестетіңізші, адам адамнан ақша сұрар еді, Тәңірден бала сұрар еді. Алайда ауа сұрап көрдіңіз бе?! Кәдімгі жұтым ауаға зар боларын адам ойлайды ма?! Бір үзік дем үшін ақы төлеу түсіне де кірмейді ғой пенденің. Бірақ сондай сәт өтіп жатыр басымыздан. Бір ұққанымыз, ауаның ақысы – Тәңірге тәубе. Ал тәубе қылу – Құдай берген денсаулықты күту шығар...
Бұл індет халықты біріктірді. Жанашыр жандардың арқасында науқастарға дәрі-дәрмек алынып, оттегі жеткізілді. Мемлекет те қол қусырып отырған жоқ. Бірақ мойындау керек мұндай сынаққа біз дайын болмай шықтық. Несін бүгеміз?! Әйтпесе «ауруын жасырған өледінің» кебін киеміз. Мұны Мемлекет басшысы да атап өтті, жауапты басшыларға ескертті. Қазір билік пен халық біртұтас күшке айналатын сәт.
– Жатқаныма 20 күн болды, – деді аурухана төсегіндегі Қазбек Манашев, – шүкір, қазір бетім бері қарады. Осы жерге демеп әкелген. Көз алдымызда адамдар ауа жетпей қайтыс болып жатты. Науқас көп болды, оттегі қайсымызға жетсін?! Тіпті өзіміз қиналсақ та, ауа жетпеген үлкен кісілерге көмектесіп, соларды аман алып қалуға тырыстық. Ерікті жастар, жанашыр жандардың еңбегін ерекше айту қажет. Ал ең алдымен алғысымыз – осындағы мамандарға. Күн-түн демей ауа өтпейтін «сауытымен» бізді бақылап, қас-қабағымызды бағып, өлімнен арашалап қалды. Бүгінде ас ішіп, өзіміз жүріп-тұрсақ, осы кісілердің еңбегі, – деді ол. Антына адал, ісіне мығым ақ халаттыларға қошеметтен өзге көрсетеріңіз бар ма?! 
Пәті қатты пневмонияның коронавирусқа қатысы бар ма?
Бұл сауал біраздың көкейінде жүр қазір. Дәл осы сұрақты Гүлназ Сарбөпееваға қойған едік. «Пневмония  бұрыннан бар ауру ғой, бірақ бұл жолғысының пәті қатты» деді. Бұрын өкпесі деміккендерді оңай-ақ емдеп алатын еді. Оған медицинаның қауқары жететін. Ал қазіргісі ие бермей тұр. Нақты коронавирустың қатысы бар-жоғын айту қиын. Алайда «тәж-тажалдың» әсерін жоққа да шығаруға болмайтынын айтады аға мейірбике. Себебі коронавирус шыққаннан кейін пневмонияны емдеу осыншалықты қиындап кетті және жаппай ауыру басталды. Яғни коронавирустың ауруды қоздырғыштық қасиеті өкпе ауруын асқындыруы мүмкін.Сонымен бірге Қытайда басталған індеттің симптомдары әртүрлі. Мәселен, бір науқастың анализінен вирус анықталғанымен, одан қызу көтерілу сияқты белгілер байқалмауы мүмкін, яғни ауру жанына батпайды. Ал пневмониямен ауырып, қызуы көтеріліп жатқандардан керісінше әлгі аты жаман ауру табылмайды. «Осындай түсініксіз жағдай» дейді аға мейірбике. Дегенмен қазір өзімізге сынмен қарайтын сәт. Біз вирустың қай тұстан келерін білмейміз және қалай жұқтырарымыз да беймәлім. Сондықтан «сақтансаң, қор болмайсың» деген басты ұстанымға айналуы керек.Расында сақтық қажет. Мынаған қараңыз, өзге аурулар адам демі арқылы 30 секундта шығып тарайтын болса, «тәж-тажалдың» жылдамдығы одан алты есе тез, яғни 5 секундта қауіп қасыңызда болады. Сондықтан медициналық бетперде серігіңіз болсын.
 
«Үйге қайтпағанымызға 4 ай болды»
– Ең алғашқы науқас тіркелген сәуірдің 7-сінен бері осындамыз. Үйге қайтқан жоқпыз әлі. Осынша уақыт отбасыңмен қауышпау қандай қиын екенін басына түскендер ғана білер. Бір сәт үйде жатып демалғанға не жетсін. Алайда мойнымызда зор жауапкершілік тұрғанын сеземіз. Тамақ та осы жақтан ішіледі, киімді үйге беріп жіберуге қорқамыз, балаларымызды сақтандырғымыз келеді. Сондықтан осында жуып аламыз. Аурухана қақпасынан әрі аттап басуға болмайды, себебі қауіпті аймақтамыз, – деді Гүлназ оңаша бөлмеде одан әрі сұхбаттасқанымызда.– Санитарлық сауаттылық жоқ біздің тұрғындарда, – деді ашынып, – сақтан деген сайын керісінше, ауруды көбейтіп жатыр.
Өзіне жаны ашымағанның, құрметпен қарамағанның өзгемен ісі болсын ба?! Әкімдік те, еріктілер де ескертуін ескертіп келеді, бірақ той әлі тыйылған жоқ. Маманның айтуынша, қазіргі түсіп жатқан науқастардың көбі осындай ас-тойдан жұқтырып алғандар. Сосын «үйден емделемін» деген кертартпа пікірден көп адам опық жеп қалуда.
– Бізге әбден сөлі құрып келеді. Үйден 10-15 күн ем алып, онысы дертін емдемей, құлаған кезде барып бізге жүгінеді. Бірақ ол кезде кеш. Екі өкпе ентігіп, індет бойын жайлағасын дәрінің күші жетпей қалуы мүмкін. Одан соң өзге аурулары қосылып, емдеу тіпті қиындайды. Қайтыс болғандардың көбі осындай жағдаймен келген. Сондықтан бізге аурудың алғашқы белгілерінен бастап хабар бергені қажет, – дейді.
Аурухана іші – арпалысқан өмір. Қазір мұнда 65 науқас бар, күніне 5-6 адам түседі  (23 шілде күнгі мәлімет). Бастапқыда науқастар саны 90-100-ге дейін жеткен. Провизорлық стационарда 19 қызметкер, 4 жүргізуші тынымсыз еңбек етіп, күн-түн демей күтім көрсетуде. Арасында қиын жағдайға бойы үйренбеген жас мамандар да жетерлік. Олар медициналық қызметтің алғашқы баспалдағын осындай ауыр тәжірибемен өткізіп жатыр.
– Шынын айтайын, мен өзге емес, ең бірінші рақметімді жанымда жүрген мамандарға білдіремін. Қызметтегі жолын қиын сәттен бастаған серіктерім бар жанымда. Жас болса да, жігер көрсетіп жүр. Сізге өтірік, маған шын, алдындағы науқас ауыр демалып, жан тапсырып жатқанда көз жасына ерік бергендері болды. Себебі бұрын мұндай оқиғамен бетпе-бет келмеген. Бірақ біз әскери билеті бар мамандармыз, тіпті жартылай әскери адамбыз. Кез келген жағдайды салқынқанды қабылдауымыз тиіс. Сондықтан босаңсуға хақымыз жоқ. Кешке таман жұмыс біраз саябырсығанда мамандарымды жинап алып, өзімше психологиялық тренинг өткіземін, жігерлендіремін. Ақ халаттың ауыр жүгін айтамын. Әйтпесе тәжірибесі жоқ қыз-жігіттерге бұл ауыр соққы болмайды деп айта алмаймыз. Олар өз міндеттерін толық атқарып келеді, – деді Гүлназ.
Олар маған мылтықсыз майданның жауынгерлеріндей елестеді. Солдат оқ тиерін білсе де – майдан даласында, ал дәрігерлер вирус жұғарын білсе де – індет ішінде. Олар – бүгінгі күннің батырлары.

Екі өмірдің ортасы
Сұхбаттан соң сыртқа беттемей тұрып, антисептикпен әбден тазаландық. Себебі өз денсаулығымызға алаңдадық, одан бөлек аурухана сыртында қанша адаммен жолығамыз. Жалпы стационар ішіндегі бір мезеттен соң, біраз нәрсе ойға оралды. Ол жерден екі өмірді анық аңғарасың. Стационар ішінде шыбын жан үшін арпалысқан адамдар, ал сыртында той қызықтаған қамсыз жұрт. Мұнда науқастарды емдеп әлек, анда санитарлық талап сақтамаған сансыз адам. Сонда бұл еңбек кім үшін?! Тәртіпке бағынбағанда кімге пайда, кімге зиян? Ойлану қажет, ой түю керек! 
Суреттерді түсірген О.ЖОЛДАСОВ
28 шілде 2020 ж. 748 0