Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің Құрбан Айт мейрамымен құттықтауы

Аудан әкімінің Құрбан Айт мейрамымен құттықтауы

Құрметті жерлестер!Қадірлі жамағат!

Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті де ұлық мереке - Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын!

Құрбан айт - ағайынның ауызбіршілігін арттыра түсетін, мұсылман қауымын имандылыққа ұйытып, барша адамды қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Айт күні адамдар құрбан шалумен ғана емес, сауапты, ізгі, қайырлы амалдарымен Жаратушының рақымына жақындай түседі.

Осынау айтулы күндерде әрбір адам игі істер жасауға, жақындарына қамқорлық көрсетуге, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қуаныш сыйлауға тырысады.

Біз бүгінде бірлігіміздің арқасында жақындарымызға жанашырлықпен қарап қауіпті індетпен күресудеміз.
Биыл пандемияның таралуына байланысты азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мешіттердің жабық болуына орай Құрбан айт намазы оқылмайды.
Сондай-ақ, елімізде қашықтан құрбан шалу жобасы қолға алынды. Арнайы ашылған сайт (qurban2020.kz) арқылы кез келген тұрғын үйде отырып, онлайн режимде құрбандық шалуға тапсырыс бере алады.

Осы ретте, тұрғындарды құрбандықты өз ауласында шалып, мейрамды көпшілік ортада емес, отбасы мүшелерімен өткізуге шақырамын. Алдағы уақытта әлемді әбігерге салған жұқпалы дерттен құтылып, ел болып діни рәсімдер мен мерекелерді өткізетінімізге сенімім мол.
Алланың разылығы, ел-жұрттың амандығы үшін құрбан шалынып, мейірім мен кешірімге үндейтін Құрбан айт мейрамы баршаңыздың отбасыларыңызға ырысы мен берекесін ала келсін!

Құрбан айт мейрамында тілеген тілектеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын.
Әрбір отбасына амандық, мықты денсаулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Құрбан айт құтты болсын!
Ізгі тілекпен Арал ауданының әкімі Мұхтар Әуесүлы

30 шілде 2020 ж. 2 589 0