Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде экологиялық білім беретін факультатив сабақтар енгізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде экологиялық білім беретін факультатив сабақтар енгізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстан мектептерінде экологиялық білім беретін міндетті сынып сағаттары мен факультатив сабақтар енгізіледі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды sputniknews.kz.  
Аймағамбетов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мектептерде балаларға экологиялық білім беретін пән енгізуді тапсырғанын еске салды.
Білім министрлігінің басшысы қазір салалық ведомство алдында еліміздің мектептерінде жаңа пәнді шұғыл түрде енгізу міндеті тұрмағанын атап өтті.
«Асықпауымыз керек. Біздің алдымызда мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау міндеті тұр. Ол үшін біз қабылдайтын шаралар мен бағдарлама кешенді болуы тиіс», – деді Аймағамбетов.
Министр бірінші қыркүйектен бастап мектептерде экологиялық білім беру тақырыбы бойынша факультативтер мен сынып сағатын көбейту жоспарланып отырғанын айтты.
Бұған дейін Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мектептерде жаңа пән енгізбес бұрын еліміздің жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламаларын қайта қарау қажеттігін айтқан еді.
17 тамыз 2020 ж. 1 107 0