Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Министр дәрігерлердің жалақысы қалай көтерілетінін айтты

Министр дәрігерлердің жалақысы қалай көтерілетінін айтты

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен көтеріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Президент өз жолдауында дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысшыларының еңбекақысын 2023 жылға дейін кезең-кезеңмен өсіруді тапсырған болатын. Нәтижесінде медицина қызметкерлерінің айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады. 
«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында бұл шығындар қарастырылған. 247 мың медицина қызметкерінің айлығын көтеруге жұмсалатын жалпы шығын 2021 жылы 222,3 миллиард теңгені, 2022 жылы 361,7 миллиард теңгені, ал 2023 жылы 557,5 миллиард теңгені құрайды», – деді Цой үкімет отырысында. 
Сонымен қатар, министр коронавирусқа қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлерін материалдық тұрғыдан ынталандыру үшін үстемеақы төлеу осы жылдың соңына дейін жалғасатынын атап өтті. 
Бұл мақсатқа қосымша 150 миллиард теңге бөлінеді. Тиісті есептеулер қаржы министрлігінің қарауына енгізілген. 
Бұдан бөлек, ведомство денсаулық сақтау саласындағы кадрлық саясатқа қатысты 10 жылға ұзақмерзімді болжам әзірлейді. Сондай-ақ, тапшы медициналық мамандардың санын арттырады. Олар эпидемиологтар, инфекционистер, реаниматологтар, пульмонологтар мен кардиологтар.
03 қыркүйек 2020 ж. 549 0