Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы жинағын пайдалану: Кімдер ала алады, талаптары қандай

Зейнетақы жинағын пайдалану: Кімдер ала алады, талаптары қандай

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әлеуметтік сала бойынша бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде біраздан бері талқылауда болған зейнетақы жинағын баспана сатып алуға жұмсауға қатысты мәселеге де шешім жасалды.
«Менің тапсырмамның аясында өзінің жеке зейнетақы жинағын пайдалану мәселесі талқыланған болатын. Бұл қазірдің өзінде де өзекті болып отыр. Дегенмен, 2021 жылы Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының 700 мың салымшысы баспана сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына өз жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын болады», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.
«Мемлекет басшысы осы жылдың соңына дейін азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат тұратын емге төлеуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалану бойынша қажетті құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмысын жүргізуді тапсырды. Бүгінде мақұлданған тұжырымдамалық шешім бар. Аталған мақсатта 721 мың адамның өз зейнетақы жинағын пайдалануға мүмкіндігі болады», - деді Еңбек министр Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.
Оның ішінде «жеткіліктіліктік шегінен» асатын зейнетақы жинағы бар 530 мыңға жуық жұмыс істейтін азамат, 178 мыңнан астам зейнетақы жинағы бар зейнеткер және 13 мың аннуитет төлемдеріне шарт жасаған азаматтар қамтылған.
«Жеткіліктік шегі» деген не?
«Жеткіліктілік шегі» белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинақтарының ең аз қажетті сомасы дегенді білдіреді, ол сома оның табысынан БЖЗҚ-ға тұрақты түрде жүзеге асырылатын 10 пайыз зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан төмен емес) ескере отырып, 82 жасына дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Б. Нұрымбетов «жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлерін түсіндірді. Бұл жолы әйелдер мен ерлер үшін бірдей көрсеткішті белгіленіп отыр.
Екіншіден, «жеткіліктілік шегінің» мөлшері жыл сайын есептеліп отырады. Бұл қалыптасқан параметрлер жинақтаушы қорында кірістілікке, инфляцияға қарай және ең төменгі төлем мөлшерінің өзгеруіне қарай есептеліп отырады. Сонымен қатар, «жеткіліктілік шегінің» мөлшері әр жасқа бөлек белгіленеді, 20 жастан бастап есептеледі.
Алдын ала есептеу бойынша, мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады.
35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге;
40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге;
45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге;
50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге;
55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге;
59 және одан үлкен жас үшін 5 млн 586 мың теңге қажет. Яғни, бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы.
Зейнетақы жинағына алынған баспана
Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдалана алады.
Атап айтқанда, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану тұрғын үй (бастапқы және қайталама нарықта) немесе жер учаскесін сатып алу, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеу (кез келген екінші деңгейдегі банкте, кез келген бағдарлама бойынша), өз тұрғын үйін салу немесе жөндеу мүмкіндігін және тұрғын үй жағдайларын жақсартудың басқа да нұсқаларын көздейді.
Бұл тұрғыда бір ғана шектеу қарастырылуы мүмкін, яғни зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй 5 жыл өткеннен кейін ғана сатылады. «Бір терезе» қағидаты бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқартуға мақсатты пайдалануға уәкілетті оператор ретінде қайта құрылатын «Отбасы банкі» («Тұрғын үй жинақтаушы банкі» АҚ) ұсынылады. Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.
Салымшының ем-домына жұмсаудың тәртібі
Министрдің айтуынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделу төлеміне пайдалану үшін салымшы денсаулық сақтау басқармалары (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар) жанынан арнайы құрылған комиссияларға жүгінеді. Медициналық көмек көрсету қажеттілігі туралы комиссияның қорытындысын алғаннан кейін, емделуден өту үшін клиниканы таңдағаннан соң, салымшы емделуге ақы төлеу үшін төленген зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану жөніндегі өтініммен уәкілетті операторға жүгінеді.
Бұл ретте өздері, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстары (аталары/әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері) үшін емделудің ақысын төлеу үшін пайдалана алады. Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындайтын болады.
Сенімгерлік басқаруға беру
Салымшы зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін жеке қаржы компаниясын таңдауды БЖЗҚ-ға өтініш беру арқылы жүзеге асырады. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.
Атап айтқанда бұл тәсілдерді іске асыру үшін биылдың соңына дейін барлық тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданып, дайындық жұмыстары жүргізілетін болады. 2021 жылдан бастап жоғарыда аталған санаттағы азаматтар БЖЗҚ-дағы жинақтардың бір бөлігін мақсатты пайдалану үшін алу құқығын іске асыра алады.
«Біз норма 2021 жылдан бастап күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені, Президент бұл реформаға қатысты барлық нормативтік-құқықтық актілерді осы жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырмасын жүктеді», - деді Б. Нұрымбетов.
Осы орайда заңнамаға қажетті түзетулер осы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланған.
«Жылдың соңына дейін заңнамаға түзетулер қабылданып, Үкіметтің тиісті қаулысы және министрліктің бұйрығы қабылданады деп есептейміз. Соған орай 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап адамдар осынау мүмкіндікті пайдалануыүшін барлығын жасаймыз деп ойлаймын», - деді Біржан Нұрымбетов.
inform.kz
04 қыркүйек 2020 ж. 579 0