Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі мықты ел бәрін жеңбек

Бірлігі мықты ел бәрін жеңбек

Мемлекет басшысы осы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында:
А.Бисенов

– Құрметті отандастар! Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет. Біздің стратегиялық бағытымыз айқын. Түйткілді тұстарымыз бен кемшіліктерімізді жақсы білеміз. Бүгін мен бүкіл қоғам алдында дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жоспарын баяндадым. Оның жемісті жүзеге асуы әрқайсымызға байланыс­ты. Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан, еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ, – деген болатын.
Иә, шындығында, шағын отбасыдан басталатын «бірлік» деген берекелі ұғымның тұтастай келгенде қандай елді болмасын қиындықтан алып шығарын тарих дәлелдеп отыр. Сын сағаттарда сыр алдырмаған талай мемлекеттің басты қаруы ретінде бірлік бағаланса, бізге де сол бірліктің беріктігі керек-ақ. Мемлекет басшысы айтқандай, расымен бізді замана сынағы сынға алып тұр. Одан қиындықсыз өтудің басты тетігі үздіксіз қозғалыс пен мықты күш-жігер, бірлік және табанды еңбек екені даусыз. Бізде мұндай қасиеттердің барлығы бар. Тек ауыл мен қалада еңбек ететін азаматтардың қажырлы қызметі болуы маңызды.
Айталық, жыл басында басталған коронавирус індеті көптеген елдің экономикасына тікелей әсер етіп, тұғырын шайқалтты. Сол қиын кезең біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Алғашында тіркелген ресми деректерге мән бермеген қазақстандықтар, түптеп келгенде, қос өкпені қабындырған індеттің ауыртпалығын бастан кешірді. Жақынын жоғалтқан талай жандар халқымызды сақ болуға шақырып, ел бірлігінің сыналар тұсын көрсетіп берді. Дәрі-дәрмектің жоқтығы өз алдына, індетке шалдыққан науқасқа дер кезінде көмек көрсетудің өзі мүмкін болмай кетті. Әркім өз беттерінше әрекет етіп, қолында барлар емделді. Десе де маман кеңестері халыққа көп көмектескені рас. Саумал мен шұбатқа, қымыз бен айранға сұраныс артқаны соншалық, жұрт мал ұстағандардың маңайына топтасып, ауылдан қалаға құты-құты сүт өнімдерін тасыды. Сонымен қатар иммунитетті көтеретін жылқы, түйе еттеріне де сұраныс артты.
Иә, әдетте Арал ауданында түйе байлап, шұбат дайындау малы барларға үйреншікті жағдай. Әсіресе ауылдық жерлерде әр үйде түйе сауу үрдісі үзілмеген. Ал жылқы ше? Үйір-үйір жылқысы болса да бие байлап, қымыз баптау ісі қолданыста жоқ-тын. Қаланың өзінде соны кәсіп қылып, саумал сатқан кәсіпкерлер болмаса, былайғы шаруалар оған ден қоймады. Осылайша қымыз бен шұбатқа деген сұраныстың арта түсуі біздің осалдығымызды байқатты. Қысқасы, мал ұстасақ та, өнім алудағы енжарлығымыз індет қарқыны өршіген тұста анық сезілді. Осындайда бірлігін сақтаған, дертпен күресте ауызбіршілік танытып, сұранысқа сай ауылына қызмет істеген азаматтары бар елді мекенді кейін естіп жатырмыз. Ол – Сапақ ауылдық округіне қарасты 40 шақты түтіні бар Көктем деген ауыл. Кезінде «Көгерту Көктем» деген атқа ие болып, совхоздың тіршілігін жандандырған бұл кеңшардың қазіргі тұрмысы да тәп-тәуір. Бәрінен бұрын қолында қарасы бар ауыл азаматтарының індетпен күресте ауылдастары үшін игі іс қылғаны көпке үлгі.
Әдетте бұл ауылда да жылқы малы жетерлік. Бірақ бие байлаған адам кешеге дейін жоқ болды. Ал қымызға сұраныс артқан тұста бірер ауылдың азаматтары қорасына бие ұстап, өздері қымыз дайын­дап, ауылдастарына арзан бағада ұсынған. Мұның өзі қымызға сұраныс артқан тұста халыққа үлкен пайдасы тигенін бүгінде ауылдастар мақтанышпен айтады. Сондай-ақ қолдан бетперде дайындап, оқушылар мен ауыл тұрғындарына үлестірген жандар да бар. Ал тағы бір азамат өз атынан ірі түйесін сойып, оны өз ауылдастарына үлестірген. Міне, ел басына іс түскенде бір атаның баласындай бірігіп, қайырлы іс қылған ауыл азаматтарының осындай жұмыстары өзгеге үлгі етуге тұрарлық.
– Отандық арналар мен жергілікті басылымдар вируспен күресте ұдайы халыққа керек ақпараттармен бөлісіп отырды. Жайсыз хабар алақандай ауыл тұрғындарын да абдыратты. Әркім өз беттерінше әрекет қылып, қолында барлар шұбат-қымыз ішіп, дәруменге бай астармен ауқаттанып жатты. Десе де тек өздерін ойламай, ауылдастарына қарайласқан ел азаматтарына ризамын. Бірі бие байлады, бірі қажетті маска үлестірсе, енді бірі ауылдас­тарына ет үлестірді. Көлігі барлар қала мен ауылдың арасын жол қылып, елге керек азық-түліктерді жеткізіп отырды. Біз осылайша карантин талаптарын қолдан келгенше сақтай отырып, бірлікпен іс қылатынымызды дәлелдей алдық. Мұның барлығы ауылдағы ағайынның ауызбіршілігінің арқасы. Елін ойлаған азаматтарға Алла разы болсын, – деп өзінің жүрекжарды тілегін жеткізді ауыл тұрғыны Т.Бөкешов.
19 қыркүйек 2020 ж. 290 0