Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың кредиті кешіріле ме – экономистер жауап берді

Халықтың кредиті кешіріле ме – экономистер жауап берді

Тура бір жыл бұрын дәл осы уақытта Тоқаев тапсырған кредиттік рақымшылық науқаны аяқталып жатқан еді. Ол кезде қиын жағдайға тап болған көптеген адамның 300 мың теңгеге дейінгі қарызы кешірілді. Кредиттің айыппұлдары мен өсімпұлдарын да алып тастады. Осы жолы коммунист депутаттар тағы кредиттік рақымшылықты өткізу керек деп санайды. Себебі, коронавирустың салдарынан халық қайтадан қиын жағдайға тап болды. 
Ал ең бастысы, «Үкімет тағы халықтың кредитін кешіре ме, жоқ па?» деген сұраққа жауап беріп көрді.  

Үкімет кешіруі мүмкін, бірақ…

GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық мемлекетте халықтың кредиттерін толығымен кешіруге мүмкіндік жоқ деп санайды. Себебі, бүгінде тұтынушылық несиелердің көлемі аз емес.
«Өткенде тұтынушылық кредиттердің жалпы көлемі 4,5 триллион теңге болған. Жалпы биылғы бюджет шығындары 14 триллионға жетті. Демек, халықтың қазіргі кредиттері соның үштен бір бөлігі болып тұр ғой. Ал шығындардың ішінде жол жөндеу, аурухана мен мектеп салу, әлеуметтік төлемдер және тағы басқа қаражат түрлері бар. Осының бәрін тоқтатып қойып, кредит кешірген қисынсыз. Мемлекетте тұтастай халықтың кредитін кешіріп тастауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан үкімет ондай қадамға бара алмайды», – дейді Халық.
Маманның ойынша, кредит алғандардың көбісі ақшаны тойға, смартфон немесе тұрмыстық техника алуға жұмсаған. Енді осы кредиттердің бәрін бюджет есебінен жауып тастаған дұрыс емес. Дегенмен, үкімет бұған дейінгі рақымшылық сияқты қарыздың бір бөлігін кешіруі мүмкін. 
«Меніңше, үкімет осы жолы да кредиттік рақымшылыққа баратын сияқты. Бірақ өткен жылдың көлемі болатын шығар. Одан сәл көбірек болуы да мүмкін. Мысалы, былтыр 300 мың теңгеден жалпы 105 миллиардтың кредиті кешірілсе, осы жолы 200 миллиардтан аса қоймайтын тәрізді», – деп атап көрсетті Халық.

Кредитті кешіруді әдетке айналдырған дұрыс емес

Экономист мамандар осы бастаманың саяси астары да бар деп санайды. Себебі алда – мәжіліс сайлауы. Саяси доданың алдында партиялар ұпай жинауға тырысады. Үкімет те өз беделін түсірмеуге күш салады.
«Иә, үкімет ұпай жинау үшін осы бастамаға баруы мүмкін. Бірақ экономист ретінде айтарым, ондай шараны өткізген дұрыс емес. Себебі, мемлекет халықтың кредитін кешіре берсе, халық оған үйреніп қалады. «Бәріне бірдей кешірсін! «деген талап қояды. Сөйтіп, адамдар кредитін төлемей жүре береді», – дейді Халық.
Маманның ойынша, жас ұрпақ та «кредит алуға болады екен, артынан оны мемлекет жауап береді» деген көзқараспен өседі. Болашақта ондай психологияның салдары көп болады.
«Мысалы, Грузия халықтың кредитін 500 миллиард теңгеге кешірді. Сонда былтыр біз кешірген сомадан бес есе көп болып тұр ғой. Бірақ Грузияның кешірген кредиттері ұзақ уақыт бойы төленбей қалған проблемалық қарыздар екен. Соның бәрін банктың есепшотында ұстаған тиімсіз. Сол себепті бәрін кешіре салған», – деп атап көрсетті Халық.   

Қосымша қаржы көздері бар

Ulagat Consulting Group компаниясының директоры, экономист Марат Қайырленов та кредиттік рақымшылықты өткізуге болады дейді. Бірақ коммунистер ұсынған қаржы көздерін іске асырған қиын. Мысалы, олар артық табыс пен мұраға қалған мүліктің салығын арттырып, соның есебінен кредиттерді кешіруге болады деп санайды.
«Қазіргі салықты уақытында жинай алмай отырғанда оның көлемін тағы арттырған қиын болатын сияқты. Сосын депутаттар шетелдік IT-компаниялардан 3 проценттік цифрлық салық жинайық дейді. Оны да іске асыру оңай емес. Негізі, ондай бастаманың пайдасынан гөрі зияны көп», – дейді Қайырленов.
Бұдан бөлек, коммунистер жеке тұлғалар мен компанияларға шетелге ақша аударғаны үшін 10 проценттік дифференциалды салық салып, одан түскен ақшаны да кредиттік рақымшылыққа жіберуді ұсынып отыр. Экономист Марат Қайырленовтың ойынша, ондай бастама шетелдік инвесторлар үшін тиімсіз болады. Негізі, қосымша қаржы көздерін басқа жерден де табуға болады.
«Мысалы, екі жылдай бұрын қаржы министрлігі Қытаймен арадағы саудаға қатысты екі жақты статистиканы салыстырып көрген. Сол кезде 1 триллион теңгенің айырмашылығы бар деп айтқан. Демек, осы ақшаға 20 процентік салық салған күннің өзінде бюджетке жылына 200 миллиард теңге түсетін еді. Басқа елдермен сауда-саттықта да өзара есептің айырмашылығы көп. Соның бәрін анықтап, салық салса, кредиттік рақымшылыққа жететін біраз ақша шығады», – деп атап көрсетті Қайырленов.
Осы орайда ол экономист Айман Тұрсынханның Алматыдағы базарларға жүргізген зерттеуін де еске алды. Мамандар бір базардың өзінде миллиардтаған доллардың айналымда жүргенін анықтаған. Ал бюджетке төленген салықтың көлемі мардымсыз.
«Сонда экономиканың дәл осы секторынан салық мүлдем түспейді деуге болады. Міне, осы жерден қосымша қаржы көздерін табуға болады. Соның есебінен кредиттік рақымшылықты өткізуге мүмкіндік бар», – деп атап көрсетті Қайырленов.
kyzylorda-news.kz​​​
20 қыркүйек 2020 ж. 449 0