Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Орманы бардың қорғаны бар

Орманы бардың қорғаны бар

Орман – адамзатқа қорған болған табиғат-ананың құрамдас бір бөлігі. Әсіресе экологиялық ахуал ушыққан аумақта орманның көп болуы тікелей денсаулықтың кепілі болып қала бермек. Қазіргі уақытта Арал өңірін экологиялық сауықтыру мақсатында құрғаған теңіз ұлтанына фитомелиоративтік жұмыс­тар үздіксіз жүргізіліп келе­ді. Арал орман және жануарлар дүние­сін қорғау жөніндегі мем­ле­кеттік мекемесі сонау 1990 жылдардан бастап осы жұмыс­тармен тікелей айналысып келеді.
Мекемеде штаттық кестеге сәйкес 55 адам қызмет атқарады. Оның ішінде 31 адам орман қүзеті қызметкерлері. Олардың арасында К.Байназаров, А.Толеев, Б.Қойбағаров, А.Серікбай, Б.Жүсіпов және Ғ.Смағұлов сынды қызметкерлердің еңбектері ерекше. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі  мем­лекеттік орман қоры – 574160 гектар, оның ішінде орманды жерлер 504581 гектарды құрайды. Орман – теңдесі жоқ экономикалық және экологиялық қо­ры­мыз. Мекемеге қарасты орман қоры жерлері негізінен Арал теңізінің құрғаған ұлтанында орналасқандықтан, ұлтанды ормандандыру жұмыстары мен молықтыру және жануарлар дүниесін қор­ғау жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді.
Жыл сайынғы жоспарлы екпе жұмыс­тарына қосымша «Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында 2008-2014 жылдары 56670 гектарға, «Қазақстанның биосаналуандығын  сақтау қоры» арқылы «Арал теңізінің құрғаған ұлтанына  фито­орманмелиорация жұмыстарын жүргізу» жобасы аясында 2018-2020 жылдары 10000 гектарға  сексеуіл белдеулері жасалды. Бұл екпелер жерсініп,  тұқым арқылы көбейіп, теңіз ұлтанындағы көшпелі құмдарды тоқтатуға септігін тигізіп, тұзды желдің әсерін бәсендетуге тосқауыл болуда. Сонымен қатар мекеменің тұқымбағында әртүрлі саялы ағаш көшеттері  өсіріледі. Жыл сайын көктемгі көгалдандыру шарасы барысында ауылдық округтерге, меке­мелерге, тұрғындарға мыңдаған саялы ағаш көшеттері босатылады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында:
– Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айна­лысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды. Бірқатар қордаланған проблемаларды шешуге жол ашатын жаңа Экологиялық кодекстің жобасы әзірленді. Парламенттің бұл маңызды құжатты жыл аяғына дейін қарап, қабылдауын сұраймын. Үкіметке экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шараларды нақты жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын. Биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарларды бекіткен жөн. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын ке­ңейтуге септігін тигізеді, – деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға үлес қосу мақсатында тұқымбақтағы сеппе бөлімін 10 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл өз кезегінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы сексеуіл белдеулерінің көбеюіне септігін тигізері анық. Орманшылардың кәсіби мерекесі қар­саңында орман шаруашылығы сала­сының алдындағы міндеттерді орын­дауда барлық ұжым мүшелері белсенді атсалысатындығына сенімдіміз.
Т. Емекешов,
«Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің директоры
17 қазан 2020 ж. 600 0