"Алтын дән -2020" аралдық еңбеккерлер марапат биігінен көрінді
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова пандемия жағдайына сәйкес, онлайн режимде өткізілген «Алтын дән-2020» шарасына қатысты. Басқосуға Қызылорда қаласы мен аудандардан онлайн форматта 300-ге жуық маман куə болды.
Шарада сөз алған аймақ басшысы ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы саласы екенін және мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң нәтижелер қалыптасқандығын тілге тиек етті. Сонымен бірге, пандемия кезеңінде су тапшылығының туындауына қарамастан, биылғы жылы әр гектарына орташа 61,8 центнерден өнім алып, 551 мың тоннадан астам Сыр күрішін ел қамбасына құйып, кезекті рекордтық көрсеткіштің жаңарғанын жеткізді.
Ел игілігін еселеген еңбеккерлер шара аясында түрлі марапаттарға ие болды. Соның ішінде жерлесіміз, «Қуаныш» шаруа қожалығының төрағасы Төрехан Бердімағамбетов "Үздік бақташы" номинациясымен марапатталса, «Елеу» шаруа қожалығының басшысы Алманов Нұралы ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің "Еңбек ардагері" медалімен, ал «Ықылас» шаруа қожалығының төрағасы Ықылас Алпысбаев асыл тұқымды мал өсіретін «Үздік репродуктор» ауыл шаруашылық номинациясымен марапатталды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.