ШЫҰ ортақ міндеттерді біріктіреді

– «Дос қиындықта сыналады» деген барлық халық үшін түсінікті мақал осы ауыр індет ушыққан кездегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастық рухын дəл айғақтайды. Өзара гуманитарлық көмек пен эпидемиолог мамандардың жіберілуі елдеріміздегі ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізді. Қазақстан жаһандық проблема кезіндегі белсенді əрі жемісті ынтымақтастығы үшін тиісті мемлекеттерге, соның ішінде Ресей мен Қытайға ризашылығын білдіреді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында эпидемия қаупіне қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың кешенді жоспарының бекітілуін жоғары бағалады, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аясында аурулар мен биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру туралы Қазақстан бастамасының маңызды екенін атап өтті.
Келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына 20 жыл толады. Президент осынау тарихи кезеңдерді өңірлік жəне жаһандық проблемаларды шешу үшін таптырмас тəсіл ретінде қолданудың айрықша маңызды екеніне сенімді. Сыртқы ашықтық пен халықаралық əріптестік аясын кеңейтуге ұмтылу – ұйым тиімділігінің кепілі. Сондықтан Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою туралы шешімін құптайды.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойы – бұл оның елеулі жетістіктерін атап өтуге ғана емес, сондай-ақ осал тұстары мызды анықтап, «əттеген-ай» дейтін жерлерімізді ой елегінен өткізіп, одан пайдалы сабақ алу үшін жақсы мүмкіндік. Сондықтан хатшылыққа ұйымның тетіктері мен органдарының қызметін жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар енгізе отырып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына жан-жақты талдау дайындауды тапсыруды ұсынамын. Біздің халықтарымыз Шанхай ынтымақтастық ұйымына үлкен үміт артады. Олар біздің ұйым шеңберінде ымыраласу жəне өзара мүдделерді ескеру негізінде жемісті ынтымақтастық орнатып, сол арқылы бүгінгі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге абыроймен төтеп беріп, азаматтарымыздың əл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік болады деп санайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің көшбасшыларын ортақ міндеттерді шешу жолында бірігуге шақырды.