Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жаңашыл мұғалім – 2020» республикалық байқауы өтеді

«Жаңашыл мұғалім – 2020» республикалық байқауы өтеді

«Жаңашыл мұғалім» республикалық байқауы Bilim Land цифрлық білім беру платформасының ұйымдастыруымен 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауға бастауыш, орта, арнайы орта және инклюзивті білім беру мекемелерінің 4000-нан аса педагогі қатысып үлгерді. Байқаудың негізгі мақсаты – мұғалімнің тәжірбиесінде цифрлық ресурстарды қолданудың озық үлгісін қалыптастыру.
Пандемияға байланысты өткен оқу жылының көктемінде «Жаңашыл мұғалім – 2020» байқауының екінші кезеңін өткізу уақытша тоқтатылғандықтан, жаңа оқу жылының басында аталмыш байқауды жалғастыру және оған финалистерден (байқаудың екінші кезеңінің нәтижесі бойынша 733 педагог Сертификат алды) бөлек, ел педагогтерінің барлығын байқауға қатысуға шақыру туралы шешім қабылданды. 2020 жылғы 23 қазаннан 19 желтоқсанға дейін байқауға қатысушылардың барлығы таңдалған аталымдар бойынша жұмыстарын видео форматында (15 минуттан аспауы тиіс) жолдауы тиіс.
Аталымдар:
– «Дәстүрлі сабақтағы АКТ»;
– «Онлайн сабақтағы АКТ» – ЖАҢА АТАЛЫМ;
– «Тәрбие жұмысындағы АКТ»;
– «Мектепке дейінгі білім берудегі АКТ».
Байқаудың жүлде қоры әр аталымға 500 000 теңгеден 2 000 000 теңгені құрайды. Бұдан басқа, байқау талаптарына сай жұмыстарын жолдаған қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталады.
Байқауға келіп түскен жұмыстарды тәуелсіз сараптама комиссиясы бағалайды. Байқау қорытындысы 2020 жылдың соңына дейін шығарылып, OnlineMektep.org, bilimland.kz сайттары мен Facebook (@BILIM Land), Instagram (@bilimland.kz) әлеуметтік желілерінде жарияланады.
Байқауға қатысу шарттарымен толығырақ келесі сілтеме бойынша біле аласыздар: https://bilimland.kz/kk/contests/zhangashyl-mugalim/zhangashyl-mugalim-2020
Біз мектепке дейінгі және орта білім беретін барлық педагогті байқауымызға қатысуға шақырамыз.
Call-орталық: +77079449595, support@bilimmail.kz.
zharar.com
19 қараша 2020 ж. 792 0