Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дербес бюджетті іскер әкімдер дөңгелетеді

Дербес бюджетті іскер әкімдер дөңгелетеді

  Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлтжоспары-5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 98-қадамында: «Селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюдв жеті енгізілетін болады» деп көрсетіп, соған дайындық жұмысын жүйелі жүргізуді тапсырған болатын. Жаңа жылдан бастап жаңа реформа күшіне еніп, халық саны 2000-нан асатын ауылдық округтерде өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. Енді ауыл халқы өз қалтасынан төлеген салықтың қайда жұмсалатынына тікелей араласады. 
   Міне, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында да бұл реформаның жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін халықты тартуға мүмкіндік беретіндігі, салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі мен шығындардың 19 бағытының ауыл бюджетіне берілетіндігі айтылды.
  Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту-экономикалық өркендеудің, әлеуметтік әл-ауқат пен азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір шарты болып табылады. Әрине, қандай жаңалық болсын құптау мен күдіктің қатар жүретіні анық. Жаңа жүйені енгізу атқарушы билік пен бұқара арасындағы өзара ынтымақтастық үрдісін дамыту мақсатын көздейді. Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылдың тоғыз айында республикамыздың ауылдық округтерінен жинақталған қаражат көлемі 7 млрд. теңгені құраған. Алдыңғы жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда түсім көлемінің ұлғаюы салық салынатын нысандардың, яғни, кіріс көздерінің көбейгендігін көрсетеді.
   Қазақстандағы ауылдық елді мекендер саны 2445 болса, соның 1053-і өздерінің дербес бюджетін қалыптастыруға көшті. Олардың қатарында ауданымыздан Арал қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттері, сондай-ақ, Аманөткел, Қамыстыбас, Қарақұм, Октябрь ауылдық округтері бар. Ауыл әкімі халықпен кеңесе отырып, тұрғындар салығын ауылды абаттандыруға, көгалдандыруға, су тарту, мен жол салуға, мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу істерін жүзеге асыруға, көпшілік мәдени тынығу шараларын өткізуге, көшелерді жарықтандыруға жұмсай алады. Соның нәтижесінде, жергілікті маңызы бар ауылдардағы түйткілді мәселелерді шешуге жол ашылады.
   Осы орайда, төртінші деңгейлі бюджетке иелік етуді бастаған Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Н.Ділмағанбетов:
   -Меніңше, жаңа жүйенің тиімділігі мол. Мұны тәжірибелі әкім ретінде толық айта аламын. Ауыл тұрғындары бұрынғыдай сәл нәрсеге бола жоғары жаққа ауыз ашпайды. Төрт көзіміз түгел көріп отырған мәселелерді енді бірлесіп, ауызбіршілікпен шешеміз. Салықтың алты түрі, оның ішінде мүлік, автокөлік, жер салықтары ауылдарға беріліп отыр. Ауыл халқы бастарындағы баспана мен игіліктеріне пайдаланып отырған көліктері үшін тиісті салықтарын төлеп отырса,  ол ауылдық округ бюджетіне құйылады. Біздің ауыл күре жолдың бойында болғандықтан, кәсіпкерлікті кеңейтіп, туризмді дамытуға баса назар аударудамыз. Ауылды көркейтемін деген әкімге мол мүмкіндік пен еркіндік беріліп отыр. Соған орай, талап пен міндет те күшейеді. Қаржымыз мол болу үшін жұмыс істеуіміз керек» дейді.
   Алдағы уақытта дербес бюджеттің нәтижесі ауыл әкімдерінің жаңа жүйенің жай-жапсарын меңгеру деңгейі мен есепші мамандардың біліктілігіне байланысты болмақ. Бұл жөнінде, Аманөткел ауылдық округінің әкімі Қ.Әбдірамановтың жаңа реформа туралы пікірін білген едік.
   -Бірнеше мәрте арнайы оқу курстарында оқып, жаңа жүйені игеру үдерісін үйрендік. Сондай-ақ, Шымкент қаласында өткен семинарда оңтүстіктегі ауыл әкімдерінің тәжірибесін көзбен көріп қайттым. Біздің ауылдық округке 3 елді мекен қарайды. Негізгі жоспарымыз-ауылды көгалдандырып, абаттандыру» деді округ басшысы. Ал,  Октябрь ауылдық округінің әкімі Н.Жандәулетов бюджетті құрау мен игеруде жаңашылдық пен заңдылық жағынан сауаттылықтың аса қажет болып тұрғандығын айтты.
   Иә, күн сайын жаңа технологиялар қолданысқа еніп, жаңғырған кезеңде ауыл әкімдеріне бәрі де сын. Жайбасарлықтың заманы өтіп, жанталаса еңбек етіп, істің көзін таба білген әкімдердің ғана бюджеті берекелі, ауылы ажарлы болады.
   Ал, 2020 жылдан бастап республикамыздағы халық саны 2000-ға жетпейтін 1392 ауыл да осы қатарға қосылады. Оларға биыл жаңа жүйеге енген ауылдардың тәжірибесі үлгі болмақ. Сайып келгенде, төртінші деңгейлі бюджет арқылы ауылға мол мүмкіндік беріліп отыр. Әкімдер тұрғындардың белсенді атсалысуымен кәсіпкерлікті дамытып, мал шаруашылығын өркендетсе, ауылды абаттандырып, жоқтан бар жасап, бірді екі ете білсе ауыл халқының да әл-ауқаты жақсарады, ауызбіршілігі мен жауапкершілігі молаяды. Ауылдың дербес бюджетін еңбекқор, іскер әкімдер ғана дөңгелете алады.
Лаура Әйтімова.
16 қаңтар 2018 ж. 1 606 0