Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімдерге ай сайын төлем төленеді – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Кімдерге ай сайын төлем төленеді – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкіл қызметін атқарған ардагерлерге Қазақстан үкіметі айқындайтын мөлшерде ай сайын ақшалай төлем төленеді.  Мәжіліс дипломатиялық қызмет ардагерлерінің әлеуметтік қорғалуын арттыруды көздейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның дипломатиялық қызметі туралы заң жобасы қаралды. Құжат қазақстандық дипломаттардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға және дипломатиялық қызмет органдарының қызметін жетілдіруге бағытталған.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, заң жобасында "Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері" ұғымын бекіту ұсынылған.
Бұл санатқа зейнеткерлік жасқа толған және кемінде 25 жыл жалпы еңбек өтілі бар, оның ішінде Қазақстанның дипломатиялық қызмет органдарында 15 жыл жұмыс істеген адамдар жатқызылады.
"Төтенше және өкілетті елші, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкіл қызметін атқарған немесе төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар дипломатиялық қызмет ардагерлеріне Қазақстан үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерде ай сайын ақшалай төлем төленетін болады. Қажетті шығындарды республикалық бюджет комиссиясы биыл 11 тамызда қолдады", - деді министр.
Сондай-ақ, әлемдік саясат пен экономика саласында іргелі және ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында дипломатиялық қызмет органдары жүйесіне ғылыми мекемелерді кіргізу ұсынылып отыр. Бұл сыртқы істер министрлігіне қарайтын сыртқы саяси зерттеулер институтының мәртебесін арттырып, оның қызметінің негізгі бағыттарын бекітуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Алматы қаласында сыртқы істер министрлігінің өкілдігін заңды тұрғыдан бекіту арқылы оның заңды мәртебесін анықтау және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың дипломатиялық өкілдіктері алдында өкілдіктің маңыздылығын арттыру көзделген.
Бүгінде Алматыда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 100-ге тарта өкілдігі жұмыс істейді.
sputnik.kz
30 желтоқсан 2020 ж. 334 0