Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Қазақстанда – тыныштық күні

Бүгін Қазақстанда – тыныштық күні

Бүгін, 9 қаңтар Қазақстанда парламент сайлауы алдындағы тыныштық күні жарияланды.
«Қазақстандағы сайлау туралы» заңға сәйкес, сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады. Яғни, телеарнадан сайлауалды роликтер көрсетілмейді, көшеде үндеу парақтары таратылмайды, сайлаушылармен кездесу өткізбейді және тағы басқа.
Сайлау комиссияларының үй-жайынан және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орында қалдыруға болады.
Интернет желісінде бұрын жарияланған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға рұқсат етіледі. Бұрын орналастырылған материалды интернет-ресурстың басты бетіне шығаруға тыйым салынады.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні интернет желісінде жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.
Сауалнаманы Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар жүргізуге құқылы. Ол үшін мұндай ұйымдар Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар етіп, тиісті құжаттардың көшірмелерін ұсынуы тиіс.
10 қаңтар күні сайлау учаскелері Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 07:00-де ашылады.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында учаскелер уақыт белдеулері арасындағы айырмашылыққа байланысты басқа өңірлерге қарағанда бір сағатқа кеш ашылады.
Сол күні кешкі сағат 20.00-де учаскелер жабылып, дауыстарды санау басталады.
Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, алдағы сайлауда 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихат (596) және 163 аудандық мәслихат (2 091 мандат) бар.
Мәжілістің 98 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.

kyzylorda-news.kz
09 қаңтар 2021 ж. 402 0