Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасы шетелдік жетекші сарапшылармен экономикалық дамудың жаһандық үрдістерін талқылады

Елбасы шетелдік жетекші сарапшылармен экономикалық дамудың жаһандық үрдістерін талқылады

Нұрсұлтан Назарбаев ХІ Астана экономикалық форумына келген шетелдік жетекші сарапшылармен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Дөңгелек үстел форматында өткен кездесу барысында экономикалық дамудың және сауда қатынастарының жаһандық үрдістері, «жасыл» экономикаға көшу, баламалы энергия көздерін пайдалану, Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамыту және экономиканы цифрландыру мәселелері талқыланды.

Кездесуде Эстонияның бұрынғы Президенті Тоомас Ильвес ұлттық экономиканы цифрландыру тәжірибесі жөнінде айтып, цифрлық экономикаға тиімді көшу үшін саяси ерік-жігердің болуы маңызды екеніне тоқталды. Т.Ильвес цифрлық қызметтер көрсетуді дамытудың, желі қолданушыларының цифрлық сауаттылығын арттырудың және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары Алан Вольф халықаралық электронды сауда жүйесін дамытудың қазіргі ахуалы мен перспективалары жөнінде әңгімеледі.

Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Юрген Ригтеринк Қазақстан экономикасының өсімін және оның қайта құрылып келе жатқанын атап өтіп, еліміздің көлік-транзит әлеуетін, агроөнеркәсіп кешені мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызды екенін айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Сауда және даму жөніндегі конференциясының Бас хатшысы Мухиса Китуйи Қазақстандағы кедендік декларациялаудың жеңілдетілуі есебінен қол жеткізілген оң нәтижелерге тоқталды.

Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Пачаури климат өзгерістері нәтижесінде туындаған проблемаларға тоқталып, «жасыл» технологияларды дамытудың және кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Раджендра Кумар Пачаури Астанада өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің тақырыбы мен оның нақты нәтижелерінің өзектілігіне назар аударды.

Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг та «жасыл» экономикаға көшудің қажеттігін айтып, баламалы энергия көздерін қолданудың жағымды тұстарын атап өтті.

«DP World» компаниясы басқармасының төрағасы Сұлтан Ахмед бин Сулайем логистикалық жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсуге мүдделілік танытты. Сұлтан Ахмед бин Сулайем Ақтау қаласындағы порт пен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы орталығын пайдаланудың тиімділігі жөнінде айтты.

Ұлыбритания үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл «ақылды қалаларды» дамыту және қалаларды басқару үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолдану жөніндегі ойын ортаға салды.

Әлемнің жетекші сарапшыларының баяндамалары тыңдалған соң Қазақстан Президенті жиынға қатысушыларға Астана экономикалық форумына қатысқаны және дөңгелек үстел отырысында айтқан идеялары үшін ризашылық білдірді.

«Еуропада Давос форумы, бізде Астана экономикалық форумы, ал Тынық мұхитының жағалауында Боао Азия форумы бар. Бұл форумдар бір ғана мақсатты - қалыптасқан ахуалдан шығу жолын іздеуді көздеп отыр. Біз әлемдік форумдардың бәрімен ынтымақтастық орнатып, мемлекеттер мен халықтардың игілігі үшін жұмыс істегіміз келеді. Бұл - даму, ілгерілеу және түсіністік мүмкіндігі», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысқан сарапшылардың бәрі Астана экономикалық форумының беделін нығайтуға және оны дамытуға үлес қосқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның даму тарихына тоқталып, елімізде этносаралық және ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту жолында атқарылған жұмыс тәжірибесі жөнінде айтты.

«Біз Конституцияда, заңнамалық деңгейде және іс жүзінде барлық азаматтар құқықтарының теңдігін қамтамасыз еттік. Қазақстанда барлық діни конфессиялардың өкілдері тұрады. Оларға діни наным-сенім бостандығы берілген. Дәстүрлі діндердің әлемдік көшбасшылары өздерінің съездерін дәл осы Астанада өткізуге шешім қабылдады. Биыл кезекті VІ съезд өткелі отыр», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның барлық көршілес елдермен достық және әріптестік қарым-қатынас орнатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздегі барлық азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған шаралардың арқасында біздің қоғамда тұрақтылық пен келісімге қол жеткізілгенін айтты.

«Тәуелсіздік жылдарында экономикамыз 25 есе өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 12 мың АҚШ долларына жетті. Енді Ұлттық қорда жинақталған қаржының арқасында инфрақұрылымдық және индустриалдық даму, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларына арналған бағдарламаларды жүзеге асырып келеміз. Елімізде өмір сүру ұзақтығы 7 жылға ұзарды. Біздің жас ұрпағымыз білімді және өршіл мақсатпен болашаққа көз тігеміз», - деді Қазақстан Президенті.

Соңында Қазақстан Президенті Астана экономикалық форумына қатысушыларға тағы да ризашылық білдіріп, олардың ұсыныстары мен идеялары елімізді одан әрі дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.

www.inform.kz


17 мамыр 2018 ж. 963 0