Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шиелі-құстың» шаруасы ширақ

«Шиелі-құстың» шаруасы ширақ

Коронавирус  пандемиясы кезінде кәсіпкерлік саласы едәуір зиян шеккені белгілі. Тіпті бірқатары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Қиындыққа төтеп беріп, жұмысын жалғастырып жатқандары да бар. Солардың бірі – Шиелі ауданындағы «Шиелі-құс» фермасы.
2016 жылы 10 мың бас құспен ашылған ферма арада бір жыл өткенде олардың санын 20 мыңға жеткізіп, күніне 18-19 мың дана жұмыртқа өндірді. Содан бері тұрақты жұмыс істеп келеді.
–    Мамандығым – құры­лыс­шы. Бірақ, құс өсіруге деген қызы­ғушылығым, әуестігім артып, тәуе­келге бел байлап, осы кәсіпті қолға алдым. Құс шаруашылығы өте күрделі жұмыс екен. Соның бәріне төтеп беріп келеміз. Кеселдің таралуы бізге тіпті қиын тиді. Карантин жарияланып, басқа қалалармен  барыс-келіс қиындап қалды. Әсіресе, құрама жем да­йындауда біршама қиындықтарға кездестік. Өйткені азықтық жем, қоспа, дәрумендердің бәрі сырттан келеді. Соған қарамастан жұмысты тоқтатпау үшін аянып қалмадық, – дейді «Мөлдір және компания» ТС басшысы, ферма қожайыны Насыр Мырзабеков.
Кәсіпкер балапан өсіретін цех та ашқан. Балапан­нан жас тауық өсіріп, бұрынғы тауық­тардың орнын ауыстырып отырады.
– Талдықорғаннан бір күндік балапан алып келемін. Арнайы балапан өсіруге арналған цех соққанмын. Сонда барлық вакциналарын салып, дәрумендерін беріп, күтіп-баптаймын. Балапан жас тауыққа айналып, төрт-бес айда жұмыртқа бере бастайды. Жас тауық екі жыл­ға дейін  өнім береді. Сонан кейін олардың орнын ауыстырамын. Жұ­мырт­қа шығаратын екі цех жұмыс істеп тұр. Жемдік азықтар сырт­тан тасымалданатындықтан біз­де­гі жұмыртқа бағасының өзіндік құны қымбаттау болып отыр, – деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, бастап­қыда өнімді өткізуде біршама қиындықтар болған. Уақыт өте келе бұл да жолға қойылуда.
– Тұрғындар енді-енді жер­гілікті өнімді тұтынуды үйреніп келеді. 2018 жылы Қызылорда қаласына өткіздім. Былтырдан бері Шиеліге ғана таратамыз. Өйткені ауданда 80 мыңнан астам тұрғын бар. Күніне 50-60 мыңдай жұмыртқа керек, – деп атап өтті ол.
Кәсіпкер карантин кезінде облыс әкімдігі, «Атамекен» ұлттық палатасы тарапынан үлкен көмектің болғанын да жеткізді.
–  Тауыққа берілетін құрама жем қоспалары сырттан әкелінеді деп айттым ғой, осындай кезде облыс әкімдігі, «Атамекен» ұлттық палатасы біздің жол жүру құжаттарымызды реттеп, қолдау көрсетті. Осының негізінде жұмысымыз тоқтаған жоқ, – деді Насыр Мырзабеков.
Қыс басында жұмыртқа бағасы аспандап, дүкен сөрелерінде 60-70 теңгеден сатылғаны мәлім. Жұ­мыртқа бағасының  шарықтау себеп­терін кәсіпкер былайша түсіндірді.
–    Бірқатар қиыншылықтар  болды. Доллар бағасы өсті, дәрумендердің бәрі сырттан келеді. Құрама жемге қосылатын бидайдың, жүгерінің, пісте май, соя, күнбағыс сығындысының бағасы 60-70 процентке дейін қымбаттады. Негізі құрама жемде 19 түрлі қоспа болады. Бұлар тауыққа қуат береді. Міне, соның бәрі қымбаттады. Осыдан келіп жұмыртқа бағасы шарықтады. Екінші бір себеп – рес­публика көлемінде құс тұмауының белең алуы. Біз құс тұмауынан аман шықтық. Оған облыстық ауыл шаруашылығы мен ветеринария басқармалары көп көмегін тигізді. Тегін вакцина әкеліп, ветеринария мамандары тегін салып берді. Соның арқасында тауықтар аурудан аман қалды. Десек те, осылардың бәрі, әсіресе құрама жем қоспаларының қымбаттауы жұмыртқа бағасының шарықтауына басты себеп болды. Мысалы, бір тонна жемге 25 литр өсімдік майын қосамыз. Ал өсімдік майының қаншалықты қымбаттағанын өздеріңіз білесіздер, – дейді кәсіпкер.
Қаншама қиындығы болса да кәсіпкер Насыр Мырзабеков құс шаруашылығынан бас тартпақ емес. Қайта оны кеңейтіп, алдағы уақытта «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясымен бірле­се отырып, құс санын көбейтіп, жұ­мыртқа өндіруді арттыруды көздеп отыр. Осылайша облыс көлемінде кенжелеп қалған шаруа­шылықтың өркендеуіне үлес қосуға ниетті.
Айнұр БАТТАЛОВА.

syrboyi.kz
18 қаңтар 2021 ж. 488 0