Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал теңізінің аумағы ұлғайып келеді

Арал теңізінің аумағы ұлғайып келеді

Арал жұртшылығы үшін 2021 жыл жақсы жаңалығымен келді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы өз нәтижесін беріп, ел мерейін тасытқанына көптің көзі жетті. Осынау бас тақырыпқа арқау еткеніміздей, сүйінші хабар – соның бір айқын дәлелі.
Иә, тарқатып айтсақ, осы жоба шеңберінде Арал ауданында толымды тірлік көрініс тапты. Арал теңізінің ауданы 40%ға артты. Теңіз тереңінен су маржанын сүзген жағалау жұрты үшін мұнан асқан қуаныш жоқ.
– Сонымен қатар су қоймасын қалпына келтірудің арқасында қазір бір емес, 20 балық түрі мекендейді. Қазақстан Аралды қалпына келтіру бағдарламасы аясында су бетінің көлемін 40%-ға ұлғайта алды. Бұл жұмыс жалғасады, құрғақ жерге ағаш отырғызылады, – деп жарқын жобаның жергілікті халық үшін берері мол екенін тілге тиек етті Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев.
Сондай-ақ министрдің айтуынша:
– Зерттеу жалғасады және біз мүмкіндігінше су бетін кеңейтеміз. Бұл жұмыс Дүниежүзілік банкпен бірлесіп басталды. Экологиялық проблеманы шешудің екінші аспектісі – ағаш отырғызу, – деп Арал теңізінің болашағына зор сеніммен қарады.
Жалпы, көпшілікке түсінікті болу үшін айта кетейік, соңғы 20 жыл ішінде Арал теңізінің құрғақ аумағында 270 мың гектарға жуық жерге сексеуіл отырғызылған.
Біз жергілікті басылымда бұл жайында бұрын да ақпараттандырып келеміз. Яғни бұл – тұз бен құмға қарсы күрестің тиімді тәсілдерінің бірі. Алдағы бес жылда тағы 160 мың гектар жерге сексеуіл отырғызылады деп күтілуде. 2002 жылдан 2008 жылға дейін Үкімет Аралды қалпына келтіру жөніндегі кешенді бағдарламаның бірінші кезеңін жүзеге асырды. Міне, бүгінгі жетістік соның жемісі. Сонымен қатар балықтың бірнеше түрі еркін тіршілік ететін жағдайға қол жеткізілді.
«Толқын» ақпарат
19 қаңтар 2021 ж. 1 288 0