Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы: Қызылордада 50 мыңға жуық азаматтың өтінімі мақұлданды

Зейнетақы: Қызылордада 50 мыңға жуық азаматтың өтінімі мақұлданды

Қызылорда облысында зейнетақы қорындағы қаржыны алу үшін «Отбасы банкінен» 107 774 арнайы шот ашылды.
50 мыңға жуық азаматтың өтінімі мақұлданды. Зейнетақы қорынан біржолғы қаржы алуға өтінім беру үстіміздегі жылдың 23-қаңтарында басталды. Өтініштерді enpf-otbasy.kz сайтында қабылдау жалғасуда. Өтінім 5 жұмыс күннің ішінде қаралады.

«Қордан ақша алуға өтінім беру үшін белгілі бір шектік уақыт жоқ. Қаржыны алу бір жылмен шектеліп қалмайды. Мемлекеттік бағдарлама жалғасын табады, – деді «Отбасы банк» тұрғын құрылыс үй жинақ банкі» АҚ облыс бойынша филиал директоры Әділжан Сәулебаев.
Брифингте сала мамандары жинақтан алған қаражатты жер учаскесін сатып алуға, үй салуға және бастапқы жарнаны төлеуге пайдалануға болатынын айтты. Тек бір шектеу бар. Ол қордан алынған қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайтадан сатып жіберуге болмайды.

«Бір апта ішінде Зейнетақы қорына Отбасы банкінен 52 133 өтінім қабылданды. Сондай-ақ, «Қазақстан Халық банк» операторынан жалпы сомасы 587,7 млн. теңге құрайтын 132 өтінім келді. Қысқа уақыт ішінде Қор тарапынан кері қайтарылған өтінімдер де болды», – деді «БЖЗҚ» АҚ облыс бойынша филиал директорының орынбасары Алмас Сәрсембаев.

kyzylorda-news.kz
02 ақпан 2021 ж. 415 0