Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандағы онлайн төлем көрсеткіші жоғары

Қазақстандағы онлайн төлем көрсеткіші жоғары

Соңғы уақыттары қазақстандықтар мобилді телефон көмегімен төлем жасауды жиілете бастаған. Әсіресе, Түркістан облысы тұрғындары қолма-қол ақша төлеуді күрт азайтқан. Онлайн төлем жасау деңгейі 6,8 есе өсіп, 2,7 трлн теңгеге жеткен. Сондай-ақ елеулі өсім Жамбыл облысында (824,6 млрд теңге) және Қызылорда облысында (653,4 млрд теңге) байқалған.
Kaspi.kz компаниясы басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе онлайн төлем жүйесінің дамуы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартады дейді. Бұл туралы ол Алматыда өткен дәстүрлі Digital Almaty 2021 форумында айтты.
– Біздің экожүйеде бар барлық сервиске қарайтын болсақ, ешқандай комиссиясыз 5000 қызмет түріне төлем жасауға болады. Оның бәрі күнделікті қажеттіліктерге арналған. Сатып алу аударымдарын да комиссиясыз жүзеге асырамыз. Электронды коммерция нарығындағы ірі дүкендер біздің экожүйемен толық интеграцияланған. Қазақстандықтар сатып алу арқылы жеткізіп беру қызметін қоса ала алады. Жеткізіп беру қызметін де тегін қылдық. Технологияларды дамытудың, технологияларды инвестициялаудың үлкен мүмкіндігі бар болғандықтан біз серіктестерге де үлкен жол ашып отырмыз. 20 000 серіктесіміз біздің платформаға қосылған. Оның көбі шағын және орта бизнес өкілдері, – дейді Ломтадзе.
Оның айтуынша, биылдың өзінде елімізде төлемді картамен немесе мобилді қосымшамен жасайтындар үлесі 90 пайызға жетуі мүмкін.
– Сондай-ақ жеке қаражатты басқару бойынша да қосымшамызды жетілдірдік. Қазақстандықтар қосымшаны пайдалану арқылы депозитке ақша жинайды, несие алады, төлем картасын алады. Сондай-ақ мемлекетпен, цифрландыру министрлігімен бірлесе отырып жеке кәсіпкерлікті онлайн тіркеу, автокөлікті қайта рәсімдеу, бюджетке салық төлеу сияқты мүмкіндіктерді де ұсынып отырмыз. Осының бәрі әлемде аналогы жоқ бір ғана супер қосымшаға енгізілген. Соның арқасында онлайн төлемдерді жасау тұрғысынан да көшбасшы атанып отырмыз. Қазақстанда онлайн төлем жасау деңгейі аса қатты қарқынмен өсіп келе жатыр. 2016 жылы желтоқсан айында онлайн төлем 161 млрд теңге болса, 2020 жылдың желтоқсан айында елдегі онлайн төлем көрсеткіші 4,3 трлн теңгеге жетті. Демек, төрт жылда 29 есе өскен. Қазақстандағы онлайн төлем көрсеткіші 72 пайызды құрап отыр. Жақын арада бұл көрсеткіштің 90 пайызға жетеріне сенімдіміз, – деді Kaspi.kz жүйесін құрушы.
egemen.kz
07 ақпан 2021 ж. 328 0