Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдағы мәселе: Көлік нөпір, керек көпір

Аралдағы мәселе: Көлік нөпір, керек көпір

...Шындығында да солай. Мақала мүйісіне мәселе деп айдар тағуымыздың басты сыры аралдықтарды толғандырған көпір жайы еді. Аудан басшысының қажырлы еңбегінің кезекті бір жемісіндей осы кезге дейін айтыла-айтыла жауыр болған тақырыптың көбесі сөгілгенін атап өткеніміз жөн.
Жуырда ғана аяқталған түрлі деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулерінде көпшілік тарапынан көліктің көптігі, соған сәйкес көпір қажеттігі жиі көтерілді. «Медальдың екі жағы бар» демекші, Аралдағы әр үйдің ауласында 2-3 темір тұлпар қаңтарылып тұратынын мақтанышпен жеткізуге болады, деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, жол жүру ережесінің өрескел бұзылуы, апаттардың шамадан тыс орын алуы ойлы жанды ойландырмай қоймайды. Әсіресе бұған атқарушы билік қатты алаңдайды. Соның нәтижесінде көпір салуды күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе ретінде бақылауда ұстап келеді. Ұстап қана қойған жоқ, жоғарыда тілге тиек еткен жағдайды Нұр-Сұлтан қаласындағы министрліктердің, Қызылордадағы тиісті сала басшылығының қаперіне салудан жалықпайды. Бастысы, сірескен сең сетінеді. Яғни аудан орталығынан темір жол үстімен өтетін аспалы автомобиль өткелін салуға келісімнің алғы шарттары жасалды.
Хош. Сөз ретінде дерек пен дәйекке тоқтала кетсек. Облыстағы қала статусы бар іргелі тарихи мекен жыл санап көкжиегі кеңейгенін көкірегі ояу, көзі ашық жандар жақсы біледі. Осында қоныс тепкен халықтың саны 40 мыңға жуықтайды. Кәсібін балық шаруашылығымен әрі тұз өндірумен байланыстырған жергілікті жұртшылық төрт түлікті өріске өргізумен де танымал. Аудан кәсіпкерлік жағынан да әркез бет қызартқан емес. «Екі қолға бір күрек» іздеп сабылғандардың басым бөлігі 90 жылдардың басынан-ақ уақыт талабын ескере отырып, еңбек еткеннің жүзі жарқын екенін жан-тәндерімен ұғынған. Сөйтіп өз қалауынша түрлі кәсіп көздерін ашқан. «Елде болса ерінге тиеді». Кәсіпкерлік саласының өркен жаюы аудан экономикасының дамуына да сеп.
Енді осы жерден сәл шегініс жасай тұрып, негізгі тақырыпқа көшсек. Бүгінде аудан көлеміндегі қолданыста жүріп-тұрған көліктердің ұзын-санына үңілсек, он мыңнан асып жығылатыны байқалды. Мұның сыртында тіркелмегендерін де есепке алсақ, біз айтқан санның цифры әлдеқайда еселенетініне еш шүбә келтірмейсің. Барлығы да темір жол өткелі арқылы жүреді. Темір тұлпарды тізгіндеген жас та, кәрі де рөлге жайғасса, ештеңеге қарамайды, жолаушы алаңдайды.

ЖАУАПТЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Мақала дайындау барысында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Жанқожа Құдайбергенмен сөйлестік. Ол әлеуметтің әлеуеті артқан сайын көлік сатып алушылардың да қатары қалыңдағанын алға тартып, осы мәселеге байланысты пікір білдірді:
–Тәуелсіз ел атанғанымызға биыл 30 жыл толды. Осыншама жылдар аясында қала жаңарды. Көптің көлік мінуге деген қызығушылығы артты. Ол – тұрғындар жағдайының жақсарғанының көрінісі. Қаладан аспалы көпір салу маңыздылығы көптен бері туындағанын өзіңіз жақсы білесіз. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың туған жерге деген жанашырлығы үлкен жобаны қолға алып, тәуекелге баруынан-ақ айқын сезіледі. Жалпы, өткен жылы осы тақырып аясында қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Түрлі сала мамандарының басын қосып, көптің пікірі тыңдалды. Темір жол өткелін салудағы зерттеу жұмыстарына бірнеше нұсқа ұсынылды. Тиімді жолдар қарастырылды. Нақтысы, мемлекет қаржысын үнемдеуді назарда ұстап, қаржыны көп талап етпейтін орындарды белгілеу айрықша назарға ұсталды. Көпір құрылысына кететін мемлекеттік қаржының ең тиімді тұсы ретінде қаладағы Жеңістің 30 жылдығы көшесінің маңы таңдалып алынды. Бұл үшін аудан бюджетінен қаржы қаралып, болашақта жасалатын көпірдің техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Артынша мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, алдағы уақытта темір жол өткелі арқылы салынатын автомобиль көпірі құрылысының жоба-сметалық құжатын әзірлеуге қажетті қаржы бөлу жөнінде тиісті салалық басқармаларға бюджеттік өтінім тапсырылды. Ендігі біздің міндет – сол ұсынысымыздың нәтижесін күту, – деп, жағымды жаңалық естісек, аудан тарихында болмаған үлкен құрылыс жүргізілетінін алға тартты.
ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ
Біз тақырыпқа арқау еткен көпір жайы бүгін ғана айтылмады. Талай алқалы жиындарда осы бір мәселенің шешімін табуын сұрап, жергілікті халық атынан Аманжол Жолмағамбетовтің сөз сөйлегенін бұқаралық ақпарат құралының өкілі ретінде қанықпыз. Жуырдағы аудан әкімінің халық алдындағы есепті жиынында осы кісі тағы да темір жол үстінен аспалы көпір салу мәселесін ортаға салды.
А.Жолмағамбетов, қалалық көше комитеті төрағаларының төрағасы:
–Қазір қоғам өзгерген. Бір замандардағыдай тұрғындар "баламды жұмысқа ал, келініме кәсіп керек" деген сынды жеке басынан аспайтын өтініш-тілектерін айтпайды. Бас қамын күйттемей, елдік мүддені қаузайды. Оның бәрі елдегі тұрмыстық жағдайдың жақсарғанының нышаны. Ұмытуға әсте мүмкін бе? Қиын кездер де болған. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бір кездердегі ауыртпалықты еңсердік. Дегенмен, әлі де көптің қалауы бар. Соның бірі де бірегейі – көпір. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, уақытпен үндесе жаңару – заман талабы. Бұны барлық адам жақсы түсінеді. Мысалы, ең жоғарғы жылдамдықпен өткеннің өзінде пойыздар әр жүргенінде жол қозғалысына елеулі кедергі келтіреді. Салдарынан темір жол өткелінің екі жағында 1-2 шақырымға дейін көлік тізбектеліп қалады. Қазақта «жаман айтпай жақсы жоқ» деген сөз бар. Қаланың байырғы тұрғыны ретінде темір жол өткелінен талай мәрте жедел жәрдем мен өрт сөндіру көлігінің жарты сағаттап тұрғанын байқағанбыз. Өзіңіз елестетіп көріңіз. Кептелісте қаңтарылған әлгі қызметтік көліктер шақыру түскен уақыттан белгіленген мекенжайға жылдам бара алмайды. Кептеліс кесірінен кешігеді. Сөйтіп жол ашылғанша қиналған науқас медициналық алғашқы көмек келгенше ауру азабын тартады. Өртке оранған үй қызыл жалынға оранады. Бұдан бөлек, балаларға да өте қиын. Кішкентайларымыздың спорттық секцияларға, түрлі үйірмелерге қатысу үшін аласапыран көліктің арасымен жүрулеріне тура келеді. Әке-шешелері перзенттерінің өмірі үшін мазасыз күй кешіп, қашан отбасына оралғанша жандарын шүберекке түйеді,–дейді қынжыла.
Рас, аудан басшысы қолға алып, жоғарыға мәселе етіп қойған бастама құптарлық іс. Енді сол жоба дер кезінде жүзеге асса, кәнекей... Талайлардың арманына айналған шаруа бітсе, қаншама адамның көңілі жайланар еді.
Арал теңізі стансасының бастығы Талғат Шүренов:
–Темір жол – қауіпті аймақ. Арал қаласы үстінен тәулігіне жүк және жолаушы тасымалы бар 55 құрамды пойыз жүреді. Жаз мезгілдерінде пойыздардың жүруі тіптен артып, жағдай онан сайын күрделенеді. Ауданда автомобиль санының күрт өсуіне байланысты көпір салу мәселесінің күн тәртібіне қойылғаны өте орынды. Жаман айтпай жақсы жоқ. Өткен жылы орын алған Шамалғандағы қайғылы оқиғаның қайталанбауына кім кепіл?! Себебі жалғыз өткелдің алдында қаншама көлік алтын уақыттарын бос өткізеді. Алдағы күндері темір жол бойында бұрмаларды ауыстыру жұмысы қолға алынбақ. Ондай кезде көлік иелері сағаттап кідіріп, жолаушылар тағатсыз күтулеріне тура келеді, – деп өз ойын білдірді.

ӨРЕНДЕР ҮШІН САЛЫНСА ҒОЙ ӨТКЕЛ 
Бала амандығы бәрінен маңызды. Өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті бір санында осы басылымның облыстағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев «Темір жолды жағалап топ бала жүр» деген тақырыппен проблемалық мақала жариялаған-ды. Ізе-шала бұл жазба Президент назарына түсіп, Үкіметке шұғыл тапсырма берілгенін жақсы білеміз. Арада көп уақыт өтпей Тербенбес тауының баурайындағы күн шығыс жақтан жаңа мектептің құрылысы басталды.
Мұны неге айттық? Сол Сексеуілдегі ахуал Арал қаласында да бар. Білім саласында еңбек ететін ұстаздарды сөйлетсек, мәселені бағамдай аламыз. Арыға бармай, басқасын айтпай қаладағы бір ғана мектепті мысалға алсақ жеткілікті сияқты. Қаладағы тарихы әріден бастау алатын Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектептің өзінде арғы бетте тұратын, ауыр сөмкелерін сүйретіп рельс жағалайтын бастауыш сыныптардағы 133 оқушыға, оқушылар үйіндегі түрлі үйірмелерге қатысатын 64 өренге және спорттық секцияларға қатынайтын 37 үкілі үмітімізге, мектепалды даярлық тобындағы 19 балақайға күнделікті темір жол асып сабақ оқу қауіпті емес, жеңіл деп кім айта алады?! Бұл туралы аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Қосымбаева тайға таңба басқандай жазып берді. Мәселе бар ма, бар.
ТҮЙІН: Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың темір жол өткелі қажеттігін ұдайы айтып, қайта-қайта осы бір игі іс жөнінде бума-бума құжат дайындап, құзырлы орындарға жолдағанынан әрқашан хабардармыз. Әрине бәрі қомақты қаржыға келіп тірелетіні түсінікті. Алайда Ата Заңымызда өшпестей етіліп адам өмірі бәрінен қымбат екені жазылған. Ендеше, аудан басшысының ұтырлы ұстанымымен қолға алынған 80 мың халыққа қажетті жарқын жоба орындалса деп тілейік. Сол кезде жүйкені жұқартқан кептеліс жойылады, көпір жырына нүкте қойылады. Бала біткен үрейленбейді, екінші көлікпен жанаса қозғалған жүргізуші «бұл менің жолым» демейді. Бәрінің шешуі бір-ақ нәрсе. Ол – көпір. Өйткені ауданда көлік – нөпір.

Абай ЕЛЕШ
Арал қаласы














































































13 ақпан 2021 ж. 938 0