Гүлшара Әбдіқалықова Шаған ауылындағы даулы мәселеге жауап берді
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халыққа есеп беру кездесуінде тұрғындар сауалына жауап берді. Онлайн кездесуде телефон арқылы хабарласқан Шаған ауылдық қоғамдық кеңесінің мүшесі Жұмақожа Жансейітов шаруа қожалықтарындағы орын алып жатқан дау-дамайға қатысты облыс әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды білгісі келетінін айтты.
Шағандық тұрғынның сұрағына жауап берген аймақ басшысы бұл жағдайдан хабардар екенін жеткізді.
«Тек Шаған ауылы ғана емес мен қызметке келгелі Сырдария, Қармақшы аудандарына қарасты ауылдарда мұндай келіспеушіліктер орын алып жатыр. Заңға сәйкес құрылтайшылар мен директорларды ауыстыру, үлесін бөліп шығару сынды мәселелер шаруашылыққа қатысты азаматтардың құзырына жатады. Бұған мемлекет араласпауы керек. Соған қарамастан заңды тұрғыда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Күні кеше ғана Шаған ауылынан осы мәселеге байланысты 30 шақты тұрғын келіп кетті. Оларға бәрін заң нормасында түсіндірдік. Аталған мәселе бұдан әрі ушығатын болса шешімін шығаратын сот. Сіздердің сотқа жүгінуге құқықтарыңыз бар. Дегенмен сотқа жеткізбей өз іштеріңізде шешіп алғандарыңыз дұрыс болар еді. Себебі алда егін науқаны жақындап қалды. Бұндай меселелер жұмыстың алға басуына кедергісін тигізбей қоймайды. Біз барынша бақылауда ұстаймыз. Барлығы құжат негізінде, заң аясында шешім шығарылады», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
kyzylorda-news.kz