Өңір көрсеткіші көңіл көншітеді
Сәрсенбінің сәтті күні аймақ басшысы Г.Әдбіқалықованың халық алдында есеп беру кездесуіне онлайн яғни, ютуб желісі арқылы куә болдық. «Сыр елі, жыр елі» саналған рухани өңірдің өндірісі мен өнері, экономикасы мен әлеуеті артып келе жатқаны белгілі. Десе де аймақ басшысының әр салаға жеке-жеке тоқталып, табысты жобалар мен экспорттық әлеуетіміздің артып келе жатқанын айтқанда көңіліміз марқайып қалды. Қазір алыс-берістің заманы, өзіңіз өндірген өнімді еш жерге шығара алмасаңыз, өзге елден ештеме ала алмасаңыз дамушы елдер қатарынан көріне алмасымыз анық. Бұл жағдай бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі екені айтпаса да түсінікті. Мәселен Қызылорда облысында шет елге қамысты экспорттау басталған. Алғаш рет Германияға 685 тонна қамыс жөнелтілген. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа жөнелту көлемі 9 пайызға өскен. Елдегі эпидахуалға қарамастан экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда артпаса, төмендемеген. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова халық алдындағы алғашқы есебінде баяндады.
– Біз әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспорттадық. Өткен жылы күрішшілеріміз гектарына 61,8 центнерден өнім алып, 550 мың тоннадан астам күріш жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Сондай-ақ, балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасын әзірледік. Оған шамамен алдағы жылдарда кезең-кезеңімен 29 млрд. теңге бағытталатын болады, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ ауылшаруашылығы саласын алдағы жылдарда дамыту көзделгенін нақты деректермен жеткізді. Яғни, өңірде 2030 жылға дейін 55 көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 12 тоған және 16 тор шаруашылығы құрылып, 3 жабық сумен жабдықтау құрылғысы салынабақшы екен. Бұл мақсаттар нақты жүзеге асар болса аудандағы жетекші салалардың бірі – ауыл шаруашылығы салалары, оның ішінде егін шаруашылығы мен балық шаруашылығы одан әрі жетіле түспек. Осы жұмыстардың жүйелі жалғасуына біз де тілекшіміз.
Н.ЖҮСІП,
зейнеткер,
Қамыстыбас елді мекені