Бүгін Ұлттық кеңестің отырысы өтеді
Бүгін сағат 11:00-де ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысы өтеді. Отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына соңғы рет ротация 2021 жылдың 18 қаңтарында жасалды.
Ұлттық кеңестің жұмысына жұртшылықтың жаңа өкілдері – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Умаров, «ADAL» партиясы саяси кеңесінің мүшесі - хатшысы Эльдар Жұмағазиев, StopFake.kz жобасының жетекшісі, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Александр Данилов, Ақтөбе қаласындағы «Тандем» телерадиокомпаниясының бас директоры Тәттігүл Талаева, «Team Qazaqstan» жастар қозғалысының белсендісі, білім мәселелері жөніндегі сарапшы Қайсар Тұрсынқожа, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Лаура Демесинова тартылған еді.
Осы жолғы ротация аясында Ұлттық кеңес құрамынан А.Қожахметов, Ш.Мұқан және Е.Тұрсынов шығарылған еді.
Айта кетейік, Ұлттық кеңес құрылған бір жарым жыл ішінде бастамаларды жүзеге асыру аясында 10 заң қабылданды және тағы 7 заң қарастырылып жатыр.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысынан ақпарат таратуға журналистер «ҚазМедиа» орталығына жиналды.
baq.kz