Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаев ұлттық кеңестің мүшелері неге ауысқанын түсіндірді

Тоқаев ұлттық кеңестің мүшелері неге ауысқанын түсіндірді

Аружан Саин, Бақытжан Бұқарбай, Арман Шораев және тағы басқалары ұлттық сенім кеңесінің құрамынан шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы неге жаңарғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту мақсатында кеңес мүшелері алмастырылды. Ұлттық кеңеске белгілі қоғам қайраткерлері келді. Кеңестің бұрынғы мүшелеріне белсенді жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін", - деп жазды президент твиттерде.
Айта кетсек, президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жаңа адамдар қосылды.
Олар: белгілі қоғам қайраткері, мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының "Қазақстан ардагерлері" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл;
  • белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов;
  • қоғам қайраткері, "Мазмұндама" ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан;
  • Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков;
  • "Талбесік" көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, журналист Ләззат Қожахметова;
  • заңгер, "Ізгілік елшісі" республикалық еріктілер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова.
Ротация аясында адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, балалар омбудсмені Аружан Саин, бұрынғы бизнесмен-омбудсмен Болат Палымбетов, "Қазақстан барысы" қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры Асқар Әміртаев ұлттық кеңестің құрамынан шығарылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылы 12 маусымда құрылып, оның алғашқы отырысы 2019 жылы 6 қыркүйекте өтті. Ұлттық кеңестің құрамына әртүрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші қазақстандық сарапшылар кіреді.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы осы жылдың сәуірінде өтеді.
03 наурыз 2020 ж. 1 108 0